Қазақ-өзбек бизнес қауымдастығы бас қосты. Астанада өткен Қазақстан мен Өзбекстан бизнес форумында 43,5 млн доллардың келісімшарттарына қол қойылды
2024 жылдың 7 тамызында Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес форумы өтті. Онда екі елдің кәсіпкерлері жалпы сомасы 43,5 млн доллар құрайтын құжаттарға қол қойды. Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық компанияларының, іскер топтарының және мемлекеттік органдарының 400-ден астам өкілі қатысты. Форумды Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды.
Форум аясында қазақстандық және өзбекстандық кәсіпкерлер В2В форматында екіжақты кездесулер өткізіп, агроөнеркәсіптік кешен, сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс және тағы басқа салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Бизнес форумы барысында лифт индустриясы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанның лифттер Ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев өзбек әріптестерімен бірлескен кәсіпорын ашуға келістік дейді.
«Форум аясында біз лифт өндірісі бойынша бірлескен қазақстандық-өзбек кәсіпорнын құруды қамтитын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ, Қазақстанның лифт паркін диагностикалау үшін диспетчерлік орталық құруға және лифт саласындағы қызметтердің сапасын арттыратын бірыңғай стандарттар мен техникалық регламенттерді әзірлеуге келістік».
Өзбекстандық кәсіпкер - «Технопарк» ЖШҚ бас директоры Ахадов Сарвар лифт шығару саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін айтты.
«Еуропалық стандарттар бойынша лифттер мен диспетчерлік жүйелерді өндіруді ұйымдастыру саласындағы қазақстандық серіктестерімізбен тәжірибе алмасуға қуаныштымыз. Жақын арада біз өндірісті бастау үшін көлемі мен аумағын анықтаймыз. Біздің аймақтағы өнеркәсіптік кооперация логистика мен компоненттерді жеткізуге өзара тәуелділік арқасында зор әлеуетке ие. Бүгін біз газды автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізу және Қазақстанда лифттерді өндіру туралы екі келісімге қол қойдық. 18 айда аталған жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр».
Сондай-ақ, көрші елді шаймен қамту көзделіп отыр. Қазақстандық Unitea шай фабрикасы Өзбекстанның ең ірі сауда желісі «Корзинка» компаниясымен ай сайын 20-30 тонна шай жеткізу туралы меморандумға қол қойды. Бүгінде компания Ресей, Қытай және Қырғызстанды қоса алғанда, сыртқы нарықтарда өз кәсібін жүргізіп отыр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-ші орында және Қазақстанның Орталық Азиямен тауар айналымының 57%-дан астамын құрайды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -