Балалардың биіктен құлауы: дәрігерлер астаналықтарға үндеу жасады
Қыс мезгіліне қарамастан елордада балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау фактілері болып жатады. Осы мәселеге қатысты дәрігерлер астаналықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері жоғары қабаттың терезесінен үш бала құлап кеткен.
Балалардың терезеден құлап кетуіне қатысты қайғылы оқиғалардың артында ата-ананың абайсыздығы жатыр, дейді дәрігерлер.
«Жыл басында ауруханамыздың жансақтау бөліміне түрлі жарақат алған немесе сүйектері сынған екі бала ауыр халде жетті. Кейін олар медицина қызметкерлерінің бақылауымен травматология бөліміне ауыстырылды. Балаларда көбінесе омыртқаның, қолдың және аяқтың сынуы, бас миының жарақаты және ағзаларының жарылуы болады. Біз ересектерден балаларын үйде жалғыз қалдырмауын қатаң түрде талап етеміз. Оның арты қайғылы оқиғаға айналуы мүмкін», - деп ескертті Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Баймаханбет Сәдуов.
Аурухананың мәліметінше, өткен жылы балалардың терезеден құлауының 63 оқиғасы тіркелді, оның ішінде 33 бала ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды; 4 жағдайда бала қайтыс болды.
Ересектерге арналған қарапайым қауіпсіздік ережелері туралы ескерту:* Терезесі ашық немесе балкон есігі ашық бөлмеде балаларды ешқашан жалғыз қалдырмаңыз.* Балаларды терезенің алдына шығуына жол бермеңіз.* Терезенің алдына шығып алуға ыңғайлы жиһаздар болмауы қажет.* Терезелерді арнайы құлыптау құрылғыларымен жабдықтау қажет.
Осы жағдайда москит торларының қауіптілігіне де көңіл бөлу керек.
«Мәселе мынада, москит торлары қауіпсіз болып елестеуі мүмкін. Ал шын мәнінде москит торлары тіпті кішкентай баланың салмағын көтере алмайды», - деп қосты дәрігер.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -