ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ОНКОЛОГИЯМЕН АУЫРАТЫН НАУҚАСТАРДЫ ЕМДЕУ ҮШІН СҮЙЕК КЕМІГІ ЖАСУШАЛАРЫНЫҢ ДОНОРЫ БОЛУ МҮМКІНДІКТЕРІ ТУРАЛЫ АЙТТЫ
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде «Әрбір қан тамшысындағы өмір» акциясының шеңберінде трансфузиолог дәрігерлерді, онкогематологтарды шақыра отырып, отандық сүйек кемігі донорлығы институтын дамыту тақырыбында дәріс өтті. Дүниежүзілік балалар обырына қарсы күрес күні қарсаңында Қазақстанда сүйек кемігінің донорлығын насихаттауға бағытталған кең ауқымды ақпараттық науқан басталды.
Бастаманың мақсаты - қоғамның назарын сүйек кемігінің донорлығын дамытуға және онкогематологиялық аурулары бар пациенттердің өмірін сақтауға аудару.
«Қазақстанда қан обырымен ауыратын 8000-нан астам пациент есепте тұр, жыл сайын 1500-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі, оның ішінде балалардың 600-нде жаңа жағдай тіркелді. Олардың көпшілігі үшін қалпына келтірудің жалғыз үміті сүйек кемігін трансплантаттау болып табылады, дегенмен туыс емес донорлар мен реципиенттердің арасындағы үйлесімділік ықтималдығы 10 000 жағдайға шаққанда 1-еу ғана. Сондықтан қан аурулары бар онкологиямен ауыратын науқастарды сәтті емдеу үшін қазақстандық тіркелімде туыс емес донорларды іздеу мүмкіндіктерін кеңейту қажет», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
«Қазақстанда сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі 2011 жылы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының базасында құрылды. 2025 жылғы 4 ақпандағы жағдай бойынша оның 12 742 әлеуетті доноры бар, өткен жылы тіркелімді 1 673 жаңа донор толықтырды. Өзінің ұлттық тіркелімінен 16 трансплантаттау жасалды және тағы біреуі осы айда жүргізіледі. Қоғамда сүйек кемігі донорлығының айналасында көптеген аңыздар мен алалаушылықтар бар, бірақ бұл шын мәнінде денсаулыққа зиян келтірмейтін және біздің дәрігерлердің қатаң бақылауымен жүргізілетін мүлдем ауыртпалықсыз емшара», - деп атап өтті ҚР ДСМ Трансфузиология ұлттық ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі, жоғары санатты трансфузиолог дәрігер Сәния Әбдірахманова.
С. Әбдірахманованың айтуынша, бірнеше онжылдықтың ішінде елдердің арасында дің жасушаларымен алмасу практикасы қалыптасқан. Біздің донорлар шетелдік пациенттерге сәйкес келуі мүмкін және керісінше. Қазақстан 4 трансплантатты шетелге берді, осы жағдайлардың бірінде біздің донор итальяндық пациент үшін әлемдегі жалғыз қолайлы донор болып шықты.
Сүйек кемігі донорларының әлемдік тіркелімінде 40 миллионнан астам адам бар, атап айтқанда Германияда тіркелімде 10 миллионнан астам дің жасушаларының донорлары бар, 2500 байланысты емес аллогендік сүйек кемігін трансплантаттау жүргізілді.
Бүгінгі таңда балаларға сүйек кемігі жасушаларын трансплантаттау бойынша операциялар екі орталықтың базасында – Алматы қаласының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында және «UMC» КҚ-да жүргізіледі, онда 2012 жылдан бастап 470-ке жуық гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау жүргізілген.
«UMC КҚ-да гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бойынша 200-ден астам операция жүргізілді. 2024 жылы пациенттеріміздің өмір сүруінің бес жылдық шегі 86%-ды құрады», - деді дәріс барысында «UMC» КҚ ГДЖТ бөлімшесінің меңгерушісі Балжан Өмірбекова.
Акция шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен еліміздің барлық өңірлерінің Денсаулық сақтау басқармалары қызметкерлерінің қатысуымен жергілікті жерлерде «Сүйек кемігінің донорлығы» тақырыбында дәрістер оқылып, ГДЖ донорлар тізіліміне кіруге ниет білдірушілерден қан алу өткізіледі.
ГДЖ донорларының ұлттық тіркелімі: негізгі фактілер
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -