Басты назарда – Қазақстанның бітімгерлері
Алматыда «Қазақстанның бітімгерлері: Бейбітшілік миссиясы» атты бірінші форум өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Алматыдағы өкілдігінің қолдауымен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) ұйымдастырды. Форумға БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы миссиясының, Қорғаныс министрлігінің, Бітімгерлік операциялар орталығының, Ұлттық қорғаныс университетінің өкілдері, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының басшылары мен тыңдаушылары қатысты.
Форум жыл сайын 29 мамырда атап өтілетін БҰҰ-ның халықаралық бітімгерлер күніне орайластырылып отыр.
– Біздің оқу орнымыз БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (United Nations Academic Impact) бағдарламасының толыққанды мүшесі әрі «Тұрақты даму», «Бейбітшілік және жанжалдарды шешу» секілді жалпы танымал он қағидатты ілгерілетуге өз үлесін қосып, оларды іске асыруға белсенді түрде араласып келеді. Осыған байланысты біз «Қазақстанның бітімгерлері: Бейбітшілік миссиясы» атты бірінші форумды өткізуге бастамашы болдық», – деді форумды ашқан IITU ректоры Асқар Хикметов.
БҰҰ-ға кірген сәттен бастап Қазақстан осы беделді халықаралық ұйымның бейбіт бастамаларын кеңінен қолдайтын Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды ойыншы болып қала береді.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек қатысушылардың назарын Голан жоталарына дербес миссия дайындаған Қазақстанның белсенді бітімгерлік қызметіне аударды. БҰҰ-ның бітімгерлік миссиялары қақтығыс аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың басты, ең дәлелденген және пәрменді құралы болып қала береді.
ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин іс-шараға қатысушыларды қазақстандық бітімгерлерді дайындау жүйесімен егжей-тегжейлі таныстырды. Ол сондай-ақ, БҰҰ құрылымдарымен өзара іс-қимыл, халықаралық стандарттар, үміткерлерге қойылатын талаптар және әртүрлі аймақтар мен елдердегі миссияларды орындау ерекшеліктері туралы айтты.
Форумға қатысушылар ақпараттық технологиялар саласында білімі мен машық-дағдылары бар білікті әскери кадрларды дайындау мәселелерін талқылады. Бұл, әсіресе, қазіргі уақытта соғыс қимылдарын жүргізу тәсілінің өзгеруіне байланысты өзекті болып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты бітімгерлік миссияларда пайдалану үшін жасанды интеллект көмегімен әзірлемелерді құрып, оның тиімділігін арттыру маңызды болып отыр.
Жұмыс қорытындысы бойынша форумға қатысушылар бітімгерлік қызмет бойынша зерттеу жұмыстарын, әскери кафедралардың тыңдаушыларына арналған арнайы курстарды өткізу туралы ұсыныстарды қарады. Олар сондай-ақ IITU базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен еліміз жоғары оқу орындарының жанынан бітімгерлік жөніндегі әскери кафедралардың әріптестік желісін құру бастамасын қолдады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -