Биыл Жетісудағы Қаратал ауданының ауыл шаруашылығы автопаркі 33 жаңа техникамен толықты
Биыл Қаратал ауданы 532 млн. теңгеге 33 жаңа ауыл шаруашылығы техникамен қамтамасыз етілді. Бұл туралы бүгін Қаратал ауданының халқымен кездесуі кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы бұл ауданда қызылшаға арналған 3, күріш өсіру бағытында 1 сервистік дайындау орталығы болған. Биыл соның қатарына «Жетісу» ӘКК арқылы тағы бір СДО құрылып, қант қызылшасы бағытында 10 техника, яғни 4 комбайн, 4 сепкіш, 2 жапырақ басқыш техника сатып алынды.
Жалпы ауданда биыл ауыл шаруашылық дақылдары 22,1 мың гектарға егілсе, соның 1200 га - күріш, 1461 гектары – қант қызылшасы. Бұл орайда егістікті суару жүйелерін жаңғырту қолға алынып, бүгінгі күні 112 шақырым арна толығымен тазартылған. 81 шақырым суару жүйелерінің 20 шақырымы ауыстырылды. Бұл жоба толық іске асқанда жаңадан 1300 га іске қосылып, 5500 га егістік жерді суару жақсаратын болады.
– Былтырғы кездесуде өздеріңіз сұрағандай, аудандағы 74 ішкі шаруашылық арналарды механикалық тазартуға 168 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде, бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін толығымен аяқталады, - деді Б. Исабаев. Сол сияқты ауданда 400 га жерге су үнемдеу технологиясын қолданудың 2 жобасы іске асырылып жатқанын атап өтті.
Жалпы ауыл шаруашылығы субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл ретте облыс көлемінде ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 34,9 млрд. теңге бөлінген, соның 23,2 млрд. теңгесі – субсидия.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -