Digital Finance Day: ҚР Қаржы министрлігі цифрлы жобалар мен жаңа логотипті таныстырды
Астанада мемлекеттік қаржы жүйесін басқарудағы цифрландыру мәселелеріне арналған Digital Finance Day іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ауқымды жиын ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, онда министрліктердің, мемлекеттік компаниялардың және банк секторының, соның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің, Halyk Bank, Kaspi Bank, Bereke Bank және басқа да қаржы институттары мен іскер топтардың өкілдері жиналды. Іс-шара кезінде азаматтар мен бизнестің мемлекеттік қызметтерді алудағы өзара байланысын жеңілдетіп, қаржы индустриясындағы цифрлы технологиялардың мүмкіндіктері талқыланды.
Ведомство бірнеше жылдан бері мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға ден қойып, цифрлы технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Кейінгі үш жылда құзырлы орган мемлекеттік қаржы жүйесін әкімшілендіруді жеңілдетіп, жеке және заңды тұлғаларға арналған ыңғайлы сервистер құру бойынша көптеген цифрлық шешімді іске қосқанын айта кетейік. Аталған жобалар қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартып, мемлекеттік органдармен өзара байланысты қарапайым, жылдам және ашық қылуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бірнеше рет барлық салада цифрландыруды енгізудің маңыздылығын айтып, тиісті міндетті жүктеген-ді. Қазіргі әлемде цифрландыру кез келген экономиканың орнықты дамуының маңызды элементіне айналып отыр. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қаржы жүйесінің және онымен байланысты барлық процестің қолжетімділігін күшейтіп, ашық және азаматтардың ыңғайлығына бағдарланған қызметті жолға қою», деді ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Digital Finance Day аясында министрлік Салықтық әкімшілендірудің бірыңғай цифрлы платформасын, Smart Data Finance, «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпарат жүйесін, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетін, Тауарлардың цифрлы каталогы мен E-Qazyna платформасы сынды бірнеше цифрлы өнімнің артықшылықтарын көпшілікке таныстырды. Бұл жүйелер салық төлеушілердің түрлі санаттарына, атап айтқанда заңды тұлғаларға, кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға – мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алып, сондай-ақ импорттан немесе өндірістен бөлшек саудаға және экспортқа дейінгі тауарлар тізбегін қашықтан бақылап, тәуекелдерді азайту мен ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар іс-шараға қатысып жатқан Halyk Bank, Kaspi Bank және Bereke Bank секілді банктермен интеграция арқылы Қаржы министрлігі бизнес пен халыққа арналған қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартып келеді. Министрліктің электронды қызметтері банктерге қызмет көрсету аясын кеңейтіп, ыңғайлы заманауи бизнес шешімдерді ұсынуға, сондай-ақ клиенттерге қауіпсіз әрі жайлы сервисті көрсетуге септігін тигізуде.
«Digital Finance Day – тек идеялармен бөлісуді ғана емес, сонымен қатар жаңа серіктестіктерді тауып, іскерлік байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін алаң. Бірлескен жұмыс арқылы біз кез келген қиындықты еңсеріп, қоғамның мүддесіне бағытталған орнықты цифрлы қаржы инфрақұрылымын құра алатынымызға сенімдімін», деді Әсет Нұрланұлы.
Мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясының қызмет көрсетудің жаңа деңгейін қалыптастыруда септігі мол. Бұл арқылы отандық бизнестің өрісі кеңейіп, азаматтардың бақуаттылығы арта түседі. Қаржы министрлігінің жобалары шешім қабылдау кезінде адами фактордың алдын алуға, сыбайлас жемқорлықты азайтып, манипуляциялық мүмкіндіктерді болдырмауға бағытталған. Сәйкесінше осы арқылы азаматтар мен бизнестің мемлекеттік жүйеге деген сенімі нығаяды.
Бұдан бөлек іс-шара кезінде ҚР Қаржы министрлігінің жаңа логотипі таныстырылғанын айта кеткен орынды. Ол ведомствоның цифрлы дәуірдегі инновациялар мен орнықты дамуға деген ұмтылысын бейнелейді. Сонымен қатар бас қаржы органның таңбасы дәстүр сабақтастығы мен заман ағымына қарай өрлеудің мәнін айғақтайды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -