Елордалық пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды
Астаналық пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Париждегі Паралимпиада ойындарында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде J2 сыныбында жеңіске жетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Паралимпиада финалында Ақмарал Науатбек Франция спортшысы Сандрина Мартинені иппонмен жеңді.
"Дзюдошы Ақмарал Науатбекті 2024 жылғы Паралимпиададағы жарқын жеңісімен құттықтаймын!
Ақмарал тарихи нәтижені бірінші рет көрсетіп отырған жоқ. Оның есімі еліміздің тарихына пара дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы ретінде енген. Енді ол осы спорт түрінен Паралимпиада алтыннан алқа таққан алғашқы спортшы атанды.
Ақмарал, сіздің табандылығыңыз, шеберлігіңіз және жеңіске деген ерік-жігеріңіз шынайы таңдануға лайық. Бұл нәтиже - сіздің жеке жеңісіңіз ғана емес, еліміз үшін мақтаныш. Бұл жеңіс халықаралық аренада үлкен жеңістердің бастауы болсын.
Сізге зор денсаулық, жаңа спорттық жетістіктер мен табыс тілеймін", - деп құттықтады спортшыны Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.
Ақмарал Науатбек жартылай финалда Түркия спортшысы Джахиде Екені иппонмен жеңді. Ширек финалда ол үндістандық қарсыласы Кокиладан басым түсті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -