ФОРСАЙТ-СЕССИЯДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының базасында «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттары» тақырыбында форсайт-сессиясы өткізілді.
Форсайт-сессияның жұмысына ұлттық компаниялар (акционерлік қоғамдар) мен холдингтердің, Ұлттық тестілеу орталығының мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне жауапты қызметкерлері қатысып, өзара пікір алмасты.
Кездесу барысында «Тіл тұжырымдамасының басымдықтары мен мүмкіндіктері», «Терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері туралы» және «ҚАЗТЕСТ» - қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі» тақырыбында 3 стратегиялық бағыт қарастырылды.
Стратегиялық сессиялар кезінде спикерлер тіл тұжырымдамасының басымдықтары мен мүмкіндіктеріне, нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелерге қол жеткізу, терминологияның, сондай-ақ қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелеріне, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі және оның перспективасына жан-жақты тоқталып, маңызды ақпараттар ұсынды.
Қатысушы-сарапшылар бірінші топтық жұмыс кезінде аталған мәселелердің ағымдағы жай-күйіне SWOT-талдау жасап, мәселенің мықты және әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлерін көрсетті. Екінші топтық жұмыста мемлекеттік тілдің даму болашағына деген көзқарастарын білдіріп, пікір алмасты. Спикерлер нақты ұсыныстары мен өзіндік ұстанымдарын білдірді.
Сессия қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға Тіл саясаты комитеті атынан сертификат табыс етілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -