Келер жылы Алға ауданы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамсыз етіледі
Қазіргі таңда Алға ауданының екі ауылында ауызсу нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Қалған 28 елдімекенге ауызсу түгел жеткізілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Алға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасаған әкім орынбасары Болатбек Кангужин мәлімдеді.
Пресс-конференцияда ол инженерлік инфрақұрылым саласындағы жетістіктерге тоқталды.
Оның айтуынша, Тікқайың және Көктоғай ауылдарындағы ауызсу нысандарының құрылысы басталған. Алайда, құрылысқа жауапты мердігердің салғырттығынан жұмыс аяқталмаған.
«2022 жылғы рәсімделген келісімшартқа сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған еді. Алайда, бүгінгі күнге дейін мердігер тиісті жұмыстарды атқармауы салдарынан, нысан белгіленген мерзімде орындалған жоқ. Сондықтан сотқа мердігерді «жосықсыз» деп тану, айыппұл тағайындау және жұмыстарды толығымен аяқтауға міндеттеу бойынша екі мәрте талап арыз берілді. 2025 жылы жұмыстар толығымен аяқталады деп жоспарлануда», - деді спикер.
Аудан әкімінің орынбасары, сондай-ақ, алғалықтардың 98%-ы көгілдір отынға қол жеткізгенін жеткізді. Жуырда Жерұйық ауылына газ тартылмақ. Қазір жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -