Коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Агенттік Басқармасының №51 қаулысымен Коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу қағидалары бекітілді.
Қаулы Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 19 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін қабылданды. Заңда 2024 жылғы 1 шілде – 2026 жылғы 1 мамыр аралығындағы кезеңде коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсаттарға байланысты емес кредиттері бойынша құқықтарды (талап етуді) басқаға беруге тыйым салу көзделген.
Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап коллекторлық агенттіктердің азаматтардың берешектерін реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті енгізілді – олар борышкерге оның мыналар:
1) 20 күн ішінде - ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін сатып алынған берешек бойынша;
2) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етуді) иеленген сәттен бастап 30 күн ішінде –жаңа берешек бойынша (2026 жылдың 1 мамырынан кейін) міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту туралы өтініш беру құқығы туралы хабарлауға тиіс.
Борышкер хабарламаны алғаннан кейін кез келген уақытта міндеттемелерді орындамау себебін, сондай-ақ берешекті реттеудің өз нұсқаларын көрсете отырып, коллекторлық агенттікке тиісті өтінішпен жүгінуге құқылы. Өтінішке міндетті түрде кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелерін орындай алмайтындығын куәландыратын растайтын құжаттар қоса берілуі керек.
Егер борышкер мәліметтер мен құжаттарды толық көлемде ұсынбаған болса, онда коллекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады, бұл ретте борышкердің оларды ұсыну мерзімін – 5 жұмыс күні деп көрсетеді. Құжаттарды тиісті мерзімде ұсынбау – борышкердің өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз.
Толық құжаттар топтамасын ұсынғаннан кейін коллекторлық агенттік өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды және мыналар туралы:
- қарыз алушы ұсынған міндеттемелерді орындаудың талаптарына өзгерістермен келісетіні;
- міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту бойынша қарсы ұсынысы;
- бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, міндеттемені орындау талаптарын өзгертуден бас тартатыны туралы жауапты ұсынады.
Шешім қабылдау кезінде коллекторлық агенттік борышкерлер санаты (мысалы, ресми жұмыссыз, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері), қажетті құжаттар тізбесі және борыш жүктемесін азайту жөніндегі шаралар айқындалатын ішкі құжаттарды басшылыққа алады. Бұл ақпарат коллекторлық агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
Қағидалар сондай-ақ коллекторлық агенттіктің жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту құқығын көздейді. Бұл талаптар айыппұлдарды, өсімпұлдарды және комиссияларды азайтуды немесе олардың күшін жоюды, борышты және пайыздарды толығымен немесе ішінара кешіруді, негізгі борыш пен пайыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қамти алады.
Жақсарту талаптарын қолдану кезінде коллекторлық агенттік бұл туралы борышкерге хабарлауға міндетті. Келіспеген жағдайда борышкер хабарламаны алған күннен кейін 14 күн ішінде Агенттікке өтініш жібере отырып, бас тартуға құқылы.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -