МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы дала елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов музейі құнды жәдігерлермен толықты. Өзі тұтынған заттары музейге табысталды. Бұл біртуар тұлғаның 120 жылдығына орай үлкен сый болды.
Музейге Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбуислам Тұрсынбаев, Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ әндерін насихаттаушы бөлімнің жетекшісі, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілі Оспан Мырзатаев, журналист, сазгер, профессер Бекжігіт Сердәлі арнайы келді. Олар құнды жәдігерлерді табыстап, музейдегі жәдігерлерді тамашалады. Естелік суреттерге түсіп, есті әндер шырқалды. Нұртас Оңдасынов жайлы ой-толғаныстарымен бөлісті.
«Мәскеу қазақтары диаспорасының өкілдерімен бірге Нұртас Оңдасынов музейіне арнайы ат басын бұрып, Мәскеуде тұратын 80-нан асқан қария Полат Жамалов ақсақал көзінің қарашығындай сандығында сақтап, аманаттап беріп жіберген Нұртас ағамыздың көзі тірісінде тұтынған заттарын музей қорына тапсырдық. Нұртас Оңдасыновтың қазақ жерінде білім-ғылымды көркейтіп, жоғары оқу орындарын ашуға қосқан үлесі өз алдына, тау тұлғасы мен ел дамуы жолындағы ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды» дейді музей қонақтары.
Айта кетейік, тапсырылған тарихи жәдігерлердің арасында Нұртас Оңдасыновтың оқалы зер шапаны, жеке кітапханасынан кітаптар, атап айтқанда 1969-1974 жылы жарық көрген «Арабша-қазақша», «парсыша-қазақша» түсіндірме сөздік кітабы, ғұмырбаяндық хикаяттар, маңызды құжаттар мен материалдар жинағы, қолтаңбалы кітаптары т.б. бірқатар құнды заттар бар. Қазіргі таңда музей қорында 2586 жәдігер бар, оның 1600-і тікелей қайраткердің өзі тұтынған заттары.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -