Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау мәселелері талқыланды
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың басшылығымен орталық мемлекеттік органдардың және бейнеконференцбайланыс арқылы жергілікті атқарушы органдардың аппарат басшылары, персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін мемлекеттік қызмет және көрсетілетін қызметтегі бақылау мәселелерін талқылау бойынша жиын өтті.
«Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениетті қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту міндетін алға қойып, барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етуді алға қойды. Бұл ретте, Агенттік сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізуде», - деді Дархан Жазықбай.
Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамаларға енгізілген Агенттікке дербес тәртіппен мемлекеттік және көрсетілетін қызметті бақылауды жүзеге асыру тетігі болып отыр. Бұл жаңашылдық 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.
Енді мемлекеттік бақылау мемлекеттік қызметшілердің қызметті өткеруі мен функционалдық міндетін орындауына байланысты барлық іс-әрекеттерін қамтитын болады. Жаңа тәртіптің ерекшелігі, ол бұзушылықтың салдарымен күресуді емес, керісінше, соған әкелген себептерді жоюды көздейді.
Заманауи талаптарға сай бақылауды жүзеге асыру кезінде цифрлық әдістерді де қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Осылайша, мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау іс-шараларын «Е-қызмет» жүйесінде іске қосылған жаңа модуль арқылы өткізу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді мониторингтеу және үлкен ақпараттарды талдау сынды бақылаудың цифрлық әдістері қолжетімді болды.
Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды шынайы өзгерістерге бастайтын маңызды қадам екендігін тереңірек түсіну қажеттілігіне тоқталып, жаңа бақылау жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететіндігіне назар аударды.
Шара барысында Агенттікпен мемлекеттік органдарда жүргізіліп жатқан жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг шаралары көтерілді. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарға барумен 513 мониторинг жүргізіліп, оның нәтижесімен тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы 280-нен астам қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Жұмыс уақыты режимінің бұзылуына себепші факторлар ретінде құжат айналым жүйесі, бизнес-процесстерді тиімсіз жоспарлау, адами ресурстардың мүмкіндіктерінен олар атқаратын жұмыс жүктемесінің ауқымдылығы, мемлекеттік лауазымдардың ұзақ уақыт бос болу жағдайлары аталып өтті.
Бұл мәселенің алдын алу мақсатында қызмет тиімділігіне кері ықпал ететін шектен тыс жұмыс жүктемесін төмендету, қызметтік қажеттілік пен қызметші құқығы арасындағы тепе-теңдікке бағдарланған ұйымдық мәдениетті қалыптастыру, қызметшілердің құқықтарына қатысты заңнаманың мүлтіксіз орындалуын үйлестіру бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -