Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері тегін оқуға сертификаттар мен естелік сыйлықтар алды
Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына жүз жыл толуына орай «Ағалар ерлігі – ұрпаққа аманат» әскери-патриоттық акциясы аясында марапаттау рәсімі өтті.
Жиынға ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов, Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, Астана қаласы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Бешеев және «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты.
– Әскерде көп нәрсе үйренесіңдер, ерік-жігерлерің қатайып, әскери мамандықты меңгердіңдер, шынығып шымыр болдыңдар. Бұл тұрғыда Қарулы күштерде барлық жағдай жасалған. Жалпы әскери қызмет ету, нағыз ер жігіт болу өздеріңнің ел қорғауға деген ниеттеріңе байланысты. Ата-аналарың сендерге үміт, командирлерің сенім артып отыр, – деді генерал-майор Асан Жүсіпов.
Аталмыш акция әскери қызметшілердің, Қарулы Күштер ардагерлерінің, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж ұландарының, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерін және елорда тұрғындарының басын қосты.
Шарада су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқандар Қорғаныс министрінің атынан бағалы сыйлықтар – қол сағаттар алды.
Запасқа шығарылған 17 сарбазға жоғары оқу орнында тегін оқу үшін сертификаттар берілді.
– Әрбіріміз үшін Қазақстан – сан мың жыл тарихы бар Отанымыз. Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жер. Бүгін балалар жоғары оқу орындарына түсу үшін сертификаттар алды. Бұл жеңілдік емес, сендердің қажырлы еңбектеріңнің нәтижесі деймін. Халық, мемлекет, Қорғаныс министрлігі сендердің жетістіктеріңді жоғары бағалайды, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің кеңесшісі А.Төлембаева.
Мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Даниал Морской 700 ұпай жинады, енді ол Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқиды.
– Әскерге моральдық тұрғыдан дайын болдым. Менің атам отставкадағы майор. Ол әскери қызметші болды. Сондықтан туыстар бұл қызметті жақын қабылдадық. Енді қызметтің арқасында жоғары оқу орнында тегін оқуға сертификат алдым, халықаралық қатынастарды үйренемін, – деді Д. Морской.
Акцияға қатысушылар үшін Қорғаныс министрлігі ашық аспан астында көрме ұйымдастырды. Онда әскери техника, қару-жарақ және киім үлгілері көрсетілді.
Іс-шара ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -