ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫНЫҢ 220 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН SHAKARIM UNIVERSITY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯМЕН БАСТАДЫ
Бүгін, 14 маусым күні, Shakarim University-де Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойына арналған «Құнанбай Өскенбайұлы: тұлға, тарих, феномен» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Құнанбай әулетінің ұрпақтары, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен сарапшылар, ЖОО басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, абайтанушы ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, жазушы, қоғам қайраткері Сапаралы Бейбіт қатысты.
Конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзімен басталды. Бұл маңызды іс-шараның университеттің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің маңызы зор. Өйткені бүгінде ЖОО ғалымдары Шығыс өңірінің, Құнанбай әулетінің рухтаңбасына айналған Абай, Мұхтар, Шәкәрім есімдеріне қатысты зерттеу жүргізуде. Сондай-ақ барлық студенттерге «Иманигүл», «Толық адам» философиялық ой-тұжырымдарын тәпсірлейтін, моральдық-этикалық нормаларын насихат ететін «Абай әлемі» пәні оқытылады.
Пленарлық мәжілісте филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов «Құнанбай – тарихи тұлға», абайтанушы, алаштанушы, әуезовтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Құнанбай: тарихи және көркемдік шындық», Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, Орта Азия елдеріндегі жәдид қозғалысын зерттеген ғалым Түмен Сомунжуоғлы «Құнанбай және оның дәуірі», қазақ әдебиетіндегі ислам дүниетанымы және шығыс философиясын зерттеген ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей «Абай мектебі: шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» тақырыбында баяндама жасады.
Халықаралық жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымы Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейге Шәкәрім университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Президент Қ.Тоқаев «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады» - деп айрықша назар аудартты. Басқосуда зиялы қауым өкілдері ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін дарытқан Құнанбай қажы әулетінің тектілігін, хакім Ибраһим қазақ еліне қандай қадірлі болса, әкесі Құнанбай Өскенбайұлының да сондай барша түркі халқына атақты тұлға екендігін баса айтты.
Аға сұлтанның 220 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музейінде жалғасын тапты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -