Олжас Бектенов KGIR-2024-ке қатысты: Бизнеспен сындарлы диалог – инвестициялық саясаттың басым бағыттарының бірі
Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық инвестициялар бойынша VII Қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты (KGIR-2024). Алаңда ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, энергетика және тау-кен өндіру салалары, қаржы секторы салаларындағы жетекші халықаралық және қазақстандық компаниялар басшыларымен бірге 500-ден астам бизнес өкілі, сондай-ақ отандық кәсіпкерлік сала өкілдері, инвесторлар жиналды. Пленарлық сессия «Жаһандық инвестициялық үрдістер: болашаққа көзқарас» тақырыбына арналды.
KGIR жұмысын аша отырып, Олжас Бектенов дөңгелек үстел Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысының қисынды жалғасы саналатынын және бизнес-қоғамдастықпен тығыз диалог құруға бағытталғанын атап өтті.
Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, онда инвесторлар үшін салықтық және кедендік преференциялар көзделген, шетелдік жұмыс күшін жалдау рәсімі жеңілдетілген, бизнес үшін әкімшілік кедергілер азайтылған. Кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб тұрақты негізде жұмыс істейді. Басым инвестициялық жобалар үшін рұқсат беру рәсімдерінен өтуді жеделдететін «Жасыл дәліз» немесе Fast-track тетігі іске қосылады. Отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін барынша қорғауды қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалған. Мәселен, шетелдік бизнеске АХҚО-да ағылшын құқығы мен ұлттық құқықтық жүйе арасында таңдау мүмкіндігі берілді.
KGIRr қатысушылары елімізде жобаларды іске асыру тәжірибесін бөлісіп, ынтымақтастықтың одан әрі келешегін атап өтті. China Energy Investment Corporation бас директорының орынбасары Янь Гочуань энергетика саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп бірлескен жобалардың әлеуетіне сенім білдірді:
«Біз энергетика саласында көмірді әзірлеу және экологиялық таза пайдалану, жаңа энергетика, инфрақұрылымды қолдау жөніндегі қазақстандық жобаларға белсенді қатысу үшін озық технологияларымызды, кәсіби әлеуетімізді және тамаша басқару командасын толық көлемде пайдаланатын боламыз. Біз үшін Қытай мен Қазақстан арасындағы достық ынтымақтастыққа өз үлесімізді қосу маңызды».
AstraZeneca-ның халықаралық биофармацевтика өңірі бойынша вице-президенті Нитин Капур өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азия фармацевтикалық нарығындағы басты ойыншы ретіндегі маңызына тоқталды. Компанияның жергілікті өндірісті және инновациялық шешімдерді дамыту жөніндегі күш-жігері атап өтілді.
«Қазақстан Орталық Азиядағы AstraZeneca бизнесінің локомотиві саналады және жаһандық биофармацевтикалық компания ретінде біз Қазақстан Үкіметінің өңірдегі фармацевтика өнеркәсібінің орталығына айналуға қатысты өршіл мақсатын қолдаймыз», — деді Нитин Капур.
Сондай-ақ пленарлық сессия барысында Power International Holding президенті Рамез Әл-Хаят, Fufeng Group Limited Директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь, ACWA Power бас атқарушы директоры Марко Арчелли, Carlsberg Group» Еуропа, Үндістан елдері бойынша атқарушы вице-президенті Ларс Леманн, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони және Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) банк операциялары жөніндегі вице-президенті Маттео Патроне сөз сөйледі.
Премьер-министр еліміздің маңызы басым бағыты өнеркәсіпті дамыту екенін атап, шетелдік компанияларды қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз әріптестікке шақырды.
«Қазақстан Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасауға үлкен мән береміз, сіздердің құқықтарыңызды қорғауға басымдық берілген. Отандық компаниялар ірі инвесторлармен жеткізу тізбегінде жұмыс істей отырып, тәжірибе жинап, сапа стандарттарын арттыратын болады. Мультипликативті ірі инвестициялық жобалар әртараптандырылған экономикалық экожүйенің қалыптасуына ықпал ете отырып, ШОБ белдеуінің дамуына әсер етеді. Біз Қазақстандағы шетелдік өндірістердің дамуымен өнімдердегі қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға талпынатын боламыз. Қазақстандағы кадрларды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз шетелдік инвесторлардың барлық деңгейде жергілікті мамандарды белсенді түрде еңбекпен қамтуын құптаймыз әрі қолдаймыз. Қазақстан Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады»
, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
KGIR–2024 қорытындысы бойынша жалпы сомасы $7 млрд болатын 32 құжат пакетіне қол қойылды, оның ішінде Премьер-министрдің қатысуымен:
Ақмола облысы әкімдігі, KAZAKH INVEST және Dalian Hesheng Holding Group арасындағы бидайды терең өңдеу бойынша құны $650 млн болатын стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, KAZAKH INVEST және CHN Energy арасындағы көмір химия өнімдерін өндіру бойынша $4 млрд-қа стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
«Orhun Medical» ЖШС мен Қазақстан Үкіметі арасындағы ҚР денсаулық сақтау саласының медициналық қызметтері мен инфрақұрылымын жақсарту бойынша $80 млн-ға инвестициялық келісім;
«SILK WAY ENERGY LTD» мен ҚР Үкіметі арасындағы Жетісу облысының Панфилов ауданында тәулігіне 1 000 000 нм3 қуат тұтынатын табиғи газды сұйылту зауыт салу туралы жалпы құны $305 млн-ды құрайтын инвестициялық келісім;
«НК «ҚТЖ» АҚ мен «Транспортейшн Глоубэл Эл-Эл-Си» арасындағы теміржол машина жасау саласында цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша жобаны іске асыру туралы келісім;
«Carlsberg Kazakhstan» ЖШС мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы елімізде алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу бойынша жалпы құны $100 млн базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім;
«Шин-Лайн» ЖШС мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы әлемнің жетекші компанияларының қатысуымен Алматы облысында азық-түлік кластерін құру туралы базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім (35 өндіріс орны пысықтауда);
Қостанай облысының әкімдігі мен «Tech Digital» ЖШС арасындағы алюминий қорытпаларынан жасалған жоғары сапалы шыбықтар мен профильдер өндіру саласындағы базалық қағидаттар туралы келісім;
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Hyundai Solar KZ 777» ЖШС арасындағы құны $167 млн болатын күн электр стансасын, қалдықтарды өңдеу кешенін, қоқыс жағу кешенін, модульдік жылыжай кешенін салу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;
«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен CNPC арасындағы «Солтүстік 1» блогындағы геологиялық барлау жұмыстарының әлеуетін зерттеудің бірлескен жоспары;
«Отбасы банкі» АҚ мен Азия даму банкі арасындағы елімізде инклюзивті және жасыл тұрғын үйді қаржыландыруды ілгерілету жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
Пленарлық сессия шеңберінде үздік инвестор-компаниялар: өнеркәсіптік, медициналық газдар және инжиниринг саласындағы Linde Gas GmbH кәсіпорны, Shin-Line азық-түлік өндірісі, KazFoodProducts дәнді дақылдарды терең өңдеу және кондитерлік өнімдерді өндіру жөніндегі компаниялар тобы, Enhun Medical денсаулық сақтау саласындағы компаниялар тобы, Jiaxin International Resources Investment вольфрам кендерін игеру жөніндегі кәсіпорын, Alstom теміржол машина жасау кәсіпорны, Zerde-Ceramics Aktobe фарфор плиткаларын шығаратын зауыт, Zharkent Starch Plant жүгері өңдеу кәсіпорны, Қазақстанның жетекші теміржол кластері Railways Systems KZ, Сarlsberg Group сыра қайнату компаниясы атап өтілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -