RUSSELL GROUP ҚҰРАМЫНА КІРЕТІН ҰЛЫБРИТАНИЯ УНИВЕРСИТЕТІ АСТАНАДА ФИЛИАЛ АШАДЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Лич, Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі лорд Майкл Германмен, Кардифф университетінің Президенті Венди Ларнермен және «Qualified Centre of Education» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Саясат Нұрбек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азиядағы жоғары білім берудің негізгі орталығына айналатын Қазақстанда білім беру хабын құру туралы тапсырмасын іске асыру бойынша Министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
Қазіргі уақытта 34 шетелдік университеттермен Қазақстанда олардың филиалдары мен өкілдіктерін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қазақстандық университеттермен бірлесіп олар экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлайды.
Кездесуде білім сапасын арттыру мақсатында шетелдік университет филиалдарын ашуға ерекше көңіл бөлінді. Министр мұндай жобалар озық тәжірибені, заманауи әдістер мен халықаралық стандарттарды енгізуге ықпал ететінін және Қазақстанның білім беру жүйесін айтарлықтай жаңғыртып, жетілдіретінін атап өтті.
Биыл тамыз айында Кардифф университетінің басшылығымен алғашқы кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Кардифф университеті және «Qualified Centre of Education» қоғамдық қоры арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Министр Саясат Нұрбек Қазақстанда мықты зерттеу әлеуеті бар британдық университет филиалын құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл жергілікті студенттерге инженерияда, медицинада, биотехнологияда халықаралық стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік береді. Үш айлық бірлескен жұмыс нәтижесінде тараптар келісімге келіп, кеше Кардифф университеті Қазақстанда филиал ашу жөнінде келісімшартқа қол қойды.
Елші ханым Қазақстанда соңғы екі жылда білім беру хабын құру жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын және бұл бастаманың еліміздің білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Ол бұл процестің халықаралық серіктестерді тарту және әлемнің жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасуды қамтитынын айтты. «Бүгінгі келісім Ұлыбританияның үздік университеттерінің қатарына кіретін Кардифф университетімен жасалған, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың сәтті нәтижесі екені сөзсіз. Бұл маңызды қадам білім беру жүйесін халықаралық қауымдастыққа интеграциялауға, сапалы білім беру деңгейін арттыруға және елдер арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталғанын көрсетеді», - деді Кэтрин Лич.
Лорд Майкл Майкл Герман өз кезегінде кездесу үшін алғысын білдіріп, білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Кардифф университетінің Президенті және вице-канцлері Венди Ларнер Кардифф университеті 1883 жылы негізі қаланған және Russell Group тобына кіретін университет ретінде халықаралық рейтингтерде алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті. Мысалы, QS World University Rankings 2025 бойынша университет әлемде 186-орынды, Times Higher Education World University Rankings 2024 бойынша 201-250 орындар аралығында, академиялық рейтингте 151-200 орындар арасында, ал US News Best Global Universities 2024 бойынша 184-орында тұр. Бұл рейтингтер Кардифф университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары нәтижелерін, академиялық репутациясын және халықаралық перспективасын көрсетеді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі интернационалдандыру, білім беру сапасын қамтамасыз ету және Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту процестерін белсенді түрде қолдап келеді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің
баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -