Қонаев гарнизонында инженерлік-саперлік бригаданың әскери қызметшілері марапатталды
Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан әскери қызметшілердің кезекті тобы тұрақты орналасу пунктіне оралды.
Әскери инженерлер Ойыл өзеніне паром арқылы су қатынасын қалпына келтірген болатын. Оларды бөлім қолбасшылығы, әріптестері мен туыстары қарсы алды.
58012 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеген Назаров әскери қызметшілерге табиғи апат кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғыс айтып, оларға грамоталар табыс етті.
Айта кетейік, су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстарына инженерлік-саперлік бригаданың 42 әскери қызметшісі мен 28 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Ақтөбе облысының Ойыл, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл өзеніндерінде және Ақмола облысы Жақсы ауданының Қима ауылына жақын жерде паром өткелдері ұйымдастырылды.
Солтүстік Қазақстан облысында қаланы сумен қамтамасыз ету үшін әскери инженерлер «Қызылжар су» компаниясының мамандарымен бірлесіп, Пестрое көлінде паромдағы екі су сору станциясын жабдықтады. Әскери қызметшілер «Севказэнерго» АҚ энергетиктеріне жәрдемдесе отырып, Прибрежный кентіне электр энергиясын беруді қалпына келтіру үшін 2,6 км кабель өткізді. Қызылжар ауданының Соколов кентінде жүзетін транспортердың есептобы аралас көпірді орнатуға көмектесті.
Инженерлік-саперлік бригаданың күшімен және құралдарымен барлығы 2300-ден астам жергілікті тұрғын, 1300-ден астам техника мен 285 тонна жүк тасымалданды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -