Қорғаныс министрі «Қазақстан барысы-2024» турнирінің жеңімпазын офицерлік лауазымға тағайындады
Қорғаныс ведомствосының басшысы еліміздің ең мықты балуаны үшін байрақты бәсекеде жеңімпаз атанған Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі сержант Ерасыл Қажыбаевты құттықтады.
– Осымен екінші жыл қатарынан ұлттық күрестен өтетін республикалық сайыста Қарулы күштердің өкілі жеңіске жетіп отыр. Бұл шын мәнінде жауынгер спортшының рухы мен темірдей ерік-жігерінің арқасы, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Спортшыға естелік сыйлық тапсырған генерал-полковник Руслан Жақсылықов оған зор денсаулық және спортта одан әрі табыс тіледі.
– Мен Қарулы күштердің әскери қызметшісімін. «Қазақстан барысы» турниріне туған жерім Абай облысының атынан қатыстым. Сонымен бірге армияның да, туған өлкемнің де абыройын қорғадым. Баршаңызға, оның ішінде қарулас әріптестеріме көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын, – деді чемпион.
Ерасыл Қажыбаев Семей қаласының тумасы. Бүгінде Шәкәрім мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша аяқтаған түлек Армия орталық спорт клубының Алматы филиалында оқу-жаттығу орталығының штаттық командаларын даярлау бөлімінің спортшы-нұсқаушысы болып қызмет атқарады.
Ерасыл Қажыбаевтың бұл жеңісі бірнеше жыл бойы өз мақсатыма жетсем деген табандылықтың арқасында келгенін айта кету керек. Турнирдегі жетістігі үшін Қорғаныс министрі оны офицерлік лауазымға тағайындады. Заңнама бойынша оған бір жылдан кейін «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы беріледі.
Ерасыл Қажыбаев 2018, 2019 жылдары «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері атанғанын айта кету керек.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -