Қорғаныс министрі әскери оқу орындарының үздік түлектеріне погондар табыс етті
Салтанатты рәсім «Атамекен» этномемориалдық кешенінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы, әскери оқу орындарының басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, курсанттар мен түлектердің туыстары қатысты.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлектері Бауыржан Алпысбаев пен Иманжүсіп Асылбеков, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Бекжан Дайырбай мен Диас Омар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан офицерлік погондарды алу мүмкіндігіне ие болды.
– Әскери институттан «инженерлік қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша білім алдым. Уақыт тез өтіп кетті. Енді біз үшін қызметтің жаңа кезеңі басталады. Лейтенанттық погонды Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан алудың жауапкершілігі жоғары. Маған көрсетілген бұл сенімімді ақтауға тырысамын, – деді түлек Иманжүсіп Асылбеков.
Айта кету керек, погондарды салтанатты түрде тапсыру рәсіміне үздіктердің үздіктері келді. Олардың арасында халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері, спорт шеберлері мен үміткерлер бар.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу үздіктері Құрлық әскерлері әскери институтының түлектері Данияр Ғабиден мен Тимур Қазисовке, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Алмаз Дүйсенбаев пен Қанат Мұратовқа лейтенант погондарын табыс етті.
– «Әскери істегі киберқауіпсіздік» мамандығын алдым. Оқу барысында бағдарламалауды меңгердім. Биыл ТМД елдері арасында информатикадан өткен халықаралық олимпиадаға қатысу біз үшін маңызды оқиға болды. Онда біз жүлделі орынға ие болдық. Әрине, мен лейтенант погонын Қорғаныс министрінің қолынан алғаныма қуаныштымын. Бұл – үлкен сенім. Мен сол сенімді ақтауға тырысып, адал қызмет етемін, – деді лейтенант Алмаз Дүйсенбаев.
Сонымен бірге Қорғаныс министрі Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледждің түлектері Әлішер Өтелбаев пен Беглан Темірханға, армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің түлектері Мақсат Азықанов пен Нұрбол Жұмабайға да кіші сержант погондарын табыс етті.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов түлектерді тарихи оқиғамен құттықтап, Отанына адал қызмет етуге тілек білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -