Қостанай облысында су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жүргізілуде
Қостанай облысының Қарасу ауданына қарасты Новоселовка ауылында мүмкін болатын су тасқынының алдын алу мақсатында инженерлік жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен Алабота көлінен Құндызды өзеніне еріген қар суын бақылауда ұстап жіберу ұйымдастырылды.
Суды бұру үшін ұзындығы 14 шақырымды құрайтын, тереңдігі 14 метрге дейін және ені 5 метрлік арна салынды. Арна арқылы су Құндызды өзеніне, содан кейін Обаған өзеніне құйылады. Бұл арна су деңгейін төмендетіп, тасқынның ықтимал зардаптарының алдын алуға көмектеседі.
Новоселовка ауылында жедел штаб құрылып, онда Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның және жедел медициналық қызметтердің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.
Жедел штабтың бастығы Қуаныш Байтұрсынов барлық қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті: «Біз жергілікті халық үшін барлық тәуекелдерді барынша азайтып, кез келген жағдайға жедел әрекет етуге тырысудамыз. Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауданның инфрақұрылымын ықтимал су тасқынынан қорғау. Біз жағдайды бақылап, қажетті шараларды уақытылы қабылдаудамыз».
Жұмыс барысында Қарасу – Жұмағұл автомобиль жолы уақытша жабылды. Нәтижесінде бес елді мекен Қарасу аудандық орталығымен автомобиль жол қатынасынан уақытша ажыратылды. Бұл учаскеде ТЖД күшімен қайықты пайдалана отырып, су арқылы өткел ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар мен елді мекендер арасында қозғалысқа мұқтаж жұмысшыларды қоса алғанда, 408 адам тасымалданды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оқиға орнында құтқарушылар кезекшілік етіп, адамдар мен жүктердің қозғалысын үйлестіреді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -