Парламент Сенатында Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерін іске асыру мәселелері талқыланды
Конституциялық Соттың судьялары Парламент Сенатында өткен конституциялық заңдылық пен бақылауды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі дөңгелек үстелге қатысты. Шарада Парламент депутаттары, Жоғарғы Сот судьялары, Бас прокуратура, Әділет министрлігі және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері бас қосты.
Дөңгелек үстелді ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев конституциялық бақылау конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды институты екенін атап өтті. Осы бағытта Конституциялық Соттың құрылуы әділетті және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғаны анық.
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерін орындау механизімінің реттелмегендігіне қатысты үш негізгі мәселеге назар аударды. Оларға дер кезінде ден қойылмаса, уақыт өте келе құқықтық белгісіздік мәселесі күшейеді.
«Біріншіден, заң шығарушы заңнамалық бастамаларды талқылау кезінде уақытша алгоритмдерді және Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерін орындау жөніндегі ұсыныстарды нақты түсіну керек. Осыған байланысты Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерін орындау үшін заңнамалық бастамаларды енгізудің жеделдетілген тәртібі мәселесін қарауды ұсынамыз.
Екінші мәселе сот және құқық қорғау органдарының практикасына қатысты. Конституциялық Соттың норманы Конституцияға сәйкес келмейді деп тану немесе оны берілген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп тану туралы шешімдерін процестік іс жүргізудегі жаңа мән-жайларға жатқызу мүмкіндігін талқылауды ұсынамыз. Бұл мәселені шешу бойынша шет елдердің оң практикасы бар.
Үшінші мәселе қолданыстағы немесе енгізіліп отырған шектеулердің мөлшерлeстігімен және олардың пропорционалдылығымен байланысты. Бұл принцип қоғамда «заң және тәртіп» тұжырымдамасын қалыптастыру тұрғысынан маңызды, заңнама тұрақтылығына ғана емес, мәжбүрлеу тетіктерінің болжамдылығына да тікелей әсер етеді», - деп айтты Азимова.
Отырысты қорытындылай келе, Палата Төрағасы дөңгелек үстел кезінде айтылған ұсыныстар мен пікірлер мұқият зерделеніп, Сенаттың алдағы заң шығару қызметінде ескерілетінін айтты.
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -