Қазақстан Елшісі Того Президентіне сенім грамоталарын табыс етті
Ломе, 2024 жылғы 2 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшісі және Того Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Сәулекүл Сайлауқызы Того Республикасының Президенті Фор Эссозимна Гнассингбеге сенім грамоталарын табыстады.
Сенім грамоталарын табыстау рәсімі барысында Қазақстан Елшісі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектерін жеткізіп, Астана екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, соның ішінде саяси диалог пен сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды жандандыруға ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Өз кезегінде Того Президенті Ф. Гнассингбе Қазақстан Тогоның Орталық Азиядағы басты серіктесі екенін айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді дамытуға дайын екенін жеткізді. Ол 2023 жылғы қарашада Астанаға ресми сапары барысында ҚР Президенті Қ. Тоқаевпен өткен кездесуді жылы лебізбен еске алды.
Того Президенті Қазақстан мен Того арасында сауда-экономикалық байланыстарды талқылау үшін 2025 жылы Қазақстанда өтетін Астана халықаралық форум жұмысына қатысуға ниетті екенін қайта растады.
Того Президенті Қазақстан Елшісін дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, елдер арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға бағытталған қызметіне табыс тіледі.
Қазақстан Республикасы мен Того Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 2014 жылғы 14 қазанда дипломатиялық қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қою арқылы орнатылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -