ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келді. Мақсат – аймақты дамыту жұмыстарымен танысу, су нысандарының жай-күйін бақылау және мемлекеттік бағдарламалардың халыққа қолжетімділігін үйлестіру.
Вице-премьер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сауран ауданына барып, жақында пайдалануға берілген аумақтық органдар ғимаратын аралап көрді. 2,1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы 7 300 шаршы метрді құрайды. Мұнда мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Жалпы, құрылғанына 4 жыл болған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуеті көтеріліп келеді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауданда 5 нысан салынған. Өзге жобалар бойынша да әлеуметтік нысандармен толығуда.
Саурандағы аумақтық органдар ғимаратында вице-премьерге аймақта «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы таныстырылды. Осы жоба арқылы салынған ғимараттар мен алдағы жоспарлар баяндалды.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 5 жылда 113,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 328 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық адамға жұмыс орындары ашылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -