Өңір тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев 2024 жылға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 512 дәрілік және медициналық мақсаттағы бұйымдарға қажеттілікті анықтағанын хабарлады. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру аясында ересектер мен балаларға 136 атау бойынша 417,7 млн.теңге және кепілдендірілген көлем шеңберінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажеттіліктеріне қосымша 1,38 млрд. теңге қаржы бөлінген.
8 қарашадағы жағдайға сәйкес, Бірыңғай дистрибьютор облыстағы 41 медициналық ұйымға 8,11 млрд теңгеге 537 түрлі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жөнелтті.
Сондай-ақ дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 548 млн теңге бөлінді. Дәрілер аурудың 29 түрі бойынша амбулаторлық емделуден өтіп жатқан 403 науқасқа арналған. Бүгінде 459 млн теңгесі игерілді.
Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен 47 науқас, оның ішінде онкологиялық науқастарға қайырымдылық көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде.
Басқарма басшысын тыңдаған облыс әкімі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды, емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен тұрақты түрде толықтыруды жолға қоюды және дәрі-дәрмек сатып алуға бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -