ҚР ҒЖБМ Profit Education Day конференциясында жоғары білімді цифрландырудағы жетістіктерін таныстырды
15 қараша 2024 жылы – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) Profit Education Day конференциясына қатысып, жоғары білім беру саласындағы өзекті цифрлық бастамалар мен жобаларды таныстырды. ҒЖБМ Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов білім беру жүйесін заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалану арқылы жаңғырту бағытындағы министрліктің жетістіктері мен болашаққа арналған жоспарлары туралы баяндады.
Жиында басты назар Жоғары білім берудің бірыңғай платформасының (ЖББП) енгізілуіне аударылды. Бұл платформа студенттер, оқытушылар құрамы және білім беру бағдарламалары туралы деректерді жинау, талдау және алмасуға арналған. ЖББП платформасы цифрлық қызметтерге кең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, оның ішінде құжаттарды онлайн тапсыру, ЖОО-ға қабылдау, жатақханалар мен стипендияларды рәсімдеу сынды қызметтер бар, бұл жоғары білім жүйесін барынша ашық әрі қолжетімді етеді.
Сонымен қатар, Министрлік халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты нығайтып, инновацияларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында Google компаниясының Generative AI курстары, Nvidia-ның DLI University Ambassador бағдарламасы және Huawei ICT Academy сияқты бастамалар бар. Осыған орай, Binance Academy бастамасы аясында жүзеге асырылатын «Криптомектеп» жобасы студенттерге блокчейн және криптовалюта негіздерін оқып-үйренуге мүмкіндік беріп, оларды болашағы зор цифрлық экономикада жаңа мансаптық мүмкіндіктермен қамтамасыз етеді.
Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі – қазақ тілін қолдайтын ұлттық тілдік модель Kaz-LLM деректерінің қалыптастырылуы. Сондай-ақ, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде суперкомпьютерлер базасында академиялық кластер құру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -