Республика күні: Ақтөбе облысында ҚХА мүшелері марапатталды
Республика күні қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік активімен кездесу өткізді. Этносаралық бірлік пен келісімді нығайту, ынтымақтастық пен жалпыұлттық бірегейлікті дамыту, этномәдени бірлестіктердің қызметі және ҚХА институтын одан әрі дамыту мәселелері көтерілді.
Бүгінде аймақта 90-нан астам этнос өкілі береке-бірлікте тұрып жатыр.
«Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық бірегей моделін қалыптастыру мен одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауда маңызды рөл атқарып отыр. Ассамблеяның жүйелі қызметінің нәтижесінде Қазақстанның көпэтностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік орнады деп айтуға болады. Біздің міндетіміз - еліміздегі этносаралық келісімді күшейту», - деді облыс әкімі.
Келер жылы – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанына 30 жыл. Осы ретте «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидаға негізделген іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалар жүзеге аспақ. Өңір басшысы аймақтық ассамблеяның жыл сайын белсенді дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Жаңа құрылымдық бөлімшелер пайда болуда. Атап айтқанда, жас ғалымдар клубы, студенттер Ассамблеясы және шығармашылық ұжымдар қауымдастығын құру жоспарланып отыр. Ассамблея жастары су тасқыны кезінде де қиындыққа душар болған ақтөбеліктерге жан-жақты қолдау көрсетті. Олар «Таза Қазақстан» экологиялық жобасына да белсене қатысып жүр.
Жиында ассамблея және этномәдени бірлестіктердің өкілдері жастар сөз алып, атқарған жұмыстарын айтып берді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владислав Толочко бір жыл бұрын аймақ басшысы алдында көтерген коворкинг орталық ашу туралы бастама оң шешімін тапқанын қуанышпен жеткізді. Жақын арада аталған орталық өз жұмысын бастайды.
«Қоғамдағы татулық пен келісімді нығайта түсу – аса маңызды міндет. Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды. Біз келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл – өте маңызды шара. Ассамблея мүшелері алдағы мерейлі белесте Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға, этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлестерін қосады деген сенімдемін», - деген Асхат Шахаров шара соңында бір топ азаматты марапаттады.
Қоғамдық келісім мен ынтамық-бірліктің үлгісін көрсете білген белсенді азаматтар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет» грамотасына және облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, кәрістер қауымдастығының төрағасы Юрий Шек «Бірлік» медалінің иегері атанды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -