«Сыбаға» фестивалі: Ақтөбеде қолөнер шеберлері мен этнодизайнерлер бас қосты
Бүгін Ақтөбе облысында алғаш рет ұйымдастырылған «Сыбаға» фестивалі аясында «Дәуір дефилесі» шарасы өткізілуде.
Екінші күн заманауи қазақтың ұлттық киімдерін тігіп жүрген этнодизайнерлер мен қолөнер шеберлеріне арналды.
Шараның салтанатты ашылуында өңір басшысы Асхат Шахаров сөз сөйлеп, фестивальдің маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айқындап берген еліміздің маңызды идеологиялық тұжырымдары мен негізгі бағыттарын атап өтіп, «Сыбаға» фестивалі ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге айырықша үлес қосады деді.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды айтты. Оның ішінде тәуелсіздік пен отаншылдықтан бастап, заңды сақтау мен тәртіп те бар. Осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, еліміз болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда әлемде лайықты орнын табатындығына сенімін білдірді.
Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Өңірімізде тұңғыш рет, бір апта көлемінде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалін өткізіп жатырмыз. Біз жастарға, өскелең ұрпаққа бабалар салған сара жолдан ажырамау үшін дәстүріміз бен салтымызды саралап, озық үлгілерді үздіксіз дәріптеу, дағдыға айналдыруды мақсат еттік. Фестиваль бес күнге созылады. Әр күні ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Соңын қайырымдылық акциясымен аяқталауды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Асхат Шахаров.
Ұлттық нақышта безендірілген Өнер орталығында ақтөбелік қолөнер және тігін шеберлері, зергерлер қаз-қатар тізіліп, көрме-жәрмеңкеде саудаларын қыздырды. Қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген түрлі әшекей бұйымдар, көрпе-жастықтар, ұлттық киімдер көздің жауын алады. Әр шебердің қолынан авторлық туындылармен облыс әкімі жеке-жеке танысып шықты. Көрме-жәрмеңкеге 50-ге жуық қолөнерші шақырылған.
Сондай-ақ, шара аясында ақтөбеліктерге шеберлік сағаттары өткізілді. «Зерлеу және қолданбалы өнер» тақырыбында Айжан Абдубаитова (Алматы қ.), жадағайлар туралы «Маңғыстау мұнарасының» жетекшісі Айжан Сембиғалиева (Ақтау қ.), ұлттық киімдер маңыздылығы жайлы Бұлбұл Кәпқызы дәріс оқыды және зергерлік бұйымдарды жасаудың қыр-сырын ақтөбелік зергер Болат Атыраубаев айтып берді.
Фестивальдің екінші бөлігі «Дәуір дефилесі» ұлттық киімдер сән көрсетілімімен жалғасады. Онда Ақтөбемен қатар, Алматы, Ақтау және Шымкент қалаларынан келген 15 отандық дизайнер ұлттық нақыштағы топтамаларын көпке көрсетеді.
Айтып өту керек, «Сыбаға» фестивалі Ақтөбе қаласы мен 12 ауданда өткізіліп жатыр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -