Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолы – Отанға адал қызметтің жарқын үлгісі
Астанада Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылды. Оған Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілдері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, Сағадат Қожахметұлының көзін көргендер, батырдың есімімен аталатын елордалық әскери колледждің оқытушылары, студенттері, кадеттері және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Конференцияға қатысушыларға арналған алғы сөзінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның негізгі мақсаты – армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың әскери мұрасын зерделеу, батырдың тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құруға және оны дамытуға қосқан үлесін бағалау екенін атап өтті.
– Қазақ даласы ежелден даңқты батырларымен белгілі, олардың есімдері тарихта да, халық жадында да мәңгі сақталған. Туған халқы үшін өмірін беруге дайын ұлдардың бірі, нағыз Отан қорғаушы – Сағадат Қожахметұлы еді. Біз оның қалдырған мұрасын мұқият сақтап, ұрпаққа өнеге ретінде көбейтіп, жеткізуіміз керек, – деді ректор.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев бірінші қорғаныс министрін еске алу туралы ведомствоның жоспарындағы жұмыс жайлы айтып берді. Ол С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында батырдың 100 жылдығына арналған «Әскери ант» отандық сериалы түсіріліп, экранға шыққанын еске салды.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі соғыс батыры тұлғасының маңыздылығын ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы запастағы полковник Атығай Балғабеков те атап өтті.
– Генерал Нұрмағамбетов көзі тірісінде өте кішіпейіл адам болған, мен батырмын демеген, байлық пен атақ-даңққа ұмтылмаған. Жеке басының қасиеттері, ұстанған моральдық қағидаттары, қиындыққа толы өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болуға тиіс, – деп толықтырды А. Балғабеков.
ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы Әбубәкір Смайылов Сағадат Нұрмағамбетов сияқты адамдар жүз жылда бір рет туылатынын атап өтті.
– Өзінің елі үшін екі рет ерлік жасаған ұлы тұлға. Алғаш рет 19 жасында Отан қорғауға аттанып, небәрі 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алды, екінші рет Тәуелсіз Қазақстан армиясын құруға өлшеусіз еңбек етті. 2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 60 жылдығына арналған отырыста Сағадат Нұрмағамбетов әлемдік трибунадан сөз сөйлеген жалғыз майдангер болды. Бұл бірегей тарихи кадрлар бізге БҰҰ-ның мұрағатынан алдық. Армия генералының осы баға жетпес кадрларда айтқанының бәрі бүгінгі күнге дейін өзекті. Жас ұрпақ ата-бабаларымыздың ең құнды мұрасы – жеріміздегі бейбітшілікті сақтауы тиіс, – деп атап өтті Әбубәкір Смайылов.
Сағадат Нұрмағамбетов туралы естеліктерімен генерал-лейтенант Абай Тасболатов бөлісті:
– Мен үшін әкемдей болды. Біз ол кісіні үлгі етіп өстік. Көп нәрсені үйретті. Кадрларды қалай таңдау керектігін жақсы білетін. Өмірдің барлық қиындықтарына қарамастан, ол сынған жоқ, қайта рухы күшейе түсті. Сынға шыңдала түсетін, нағыз күрескер адам еді. Бізге де қиындыққа мойымауды үйретті. Ендігі жерде біздің міндетіміз – келер ұрпақты елін, жерін қастерлеуге тәрбиелеу, – деді ардагер.
Конференция барысында батырдың немересі Лира Нұрмағамбетованың естеліктері де айтылды. Оның айтуынша, Сағадат Қожахметұлы өте қарапайым, бірақ талапшыл және жауапты адам болған. Есте сақтау қабілетінің мықтылығы сондай ол өміріндегі көптеген оқиғаларды бүге-шігесіне айта алатын. Батыр Отанға және халыққа адал әрі жанқиярлық қызметімен үлгі болып, мәңгі ел жадында сақталары сөзсіз.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -