Сарапшылар ҚР Жоғары аудиторлық палатасы өкілдерінің қатысуымен қазақстандық аудиторларды даярлау сапасын арттыруды талқылады
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы өкілдерінің қатысуымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің отырысында білім беру процесіне практикалық элементтер мен цифрлық технологияларды енгізу есебінен аудиторлардың кәсіби деңгейін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында үздік халықаралық практикаларды ескере отырып, оқу бағдарламаларын жаңарту, студенттер тағылымдамаларына арналған платформалар құру, жас аудиторларды менторлық сүйемелдеуді енгізу және басқа да бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Негізгі ақпараттық жүйелермен (SAP,1C және т.б.) жұмыс істеуге дайындық сапасына ерекше назар аударылды, бұл жүргізілетін аудиттің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын өзгеріп отыратын жағдайлар мен міндеттерге уақытылы бейімдеу мәселелері де қозғалды.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Юлия Энгель өз сөзінде бүгінде мемлекеттік аудит жүйесіне жоғары деңгейдегі жаңа талаптар қойылатынын атап өтті. Ұлттық ресурстарды ашық және тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін ең үздік заманауи аудит әдістерін қолдану қажет. Атап айтқанда, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдайтын электрондық аудит қажет.
Сонымен қатар қазіргі уақытта аудит бағыты мемлекеттік қаражатты пайдаланудың дұрыстығын тексеруден басқару шешімдерінің азаматтардың нақты әл-ауқатына әсерін бағалауға ауысуда.
«Әлемде болып жатқан өзгерістер мемлекеттік аудит органдарына жаңа үміт артып отыр, демек бұл біздің рөлімізді қайта қарауды, аудит әдістерін трансформациялауды және жалпы аудит жұмысының сапасын арттыруды талап етеді», – деді Ю. Энгель.
Ол Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен нәтижелі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Осылайша, университет базасында шамамен 9 жыл бұрын «Аудит және салық салу» кадрларын даярлау бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік құрылды. Бұл бейінге бағдарланған білім беру бағдарламаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Бүгінгі күні бакалаврдан бастап докторантқа дейін барлық үш деңгейдегі кадрларды тәрбиелеуге мүмкіндігіміз бар. Еуразия ұлттық университетінің түлектері еліміздің барлық мемлекеттік аудит органдарында сұранысқа ие және біз үшін сенімді тірек болып табылады. Жоғары аудиторлық палата базасында жұмыс істейтін филиал табысты дуальды білім берудің мысалы ретінде кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік береді. Кейде тіпті аудитті ұйымдастыру мәселесінде біздің пайымды сыни тұрғыдан қайта қарауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ю. Энгель.
Қорытындылай келе, ол «Мемлекеттік аудит» кафедрасының академиялық қоғамдастығының осы саладағы ғылыми-зерттеу қызметіне қосқан практикалық үлесінің маңыздылығын да атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар қазақстандық мемлекеттік аудит жүйесінің әлеуетін арттыру үшін тығыз жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -