Сенатта орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның отырысы өтті
Шара барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елдегі гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті.
Н. Байбазаров өз сөзінде атап өткендей, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету экономиканың өсуіне және жалпы қоғамның дамуына оң әсер етеді.
«2024 жылы ШОБ-тағы әйелдердің үлесі 50,4%-ды, мемлекеттік қызметтегі үлесі 56%-ды құрады. Мемлекет қатысатын компаниялардың басқару органдарындағы әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін арттыру бойынша шаралар қабылдануда», - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, әйелдердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Еңбек кодексі еңбек саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналған құқықтық нормалардың жиынтығын қамтиды.
Үкімет бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті мемлекеттік қолдаудың ауқымды шараларын қабылдауда. 2021-2023 жылдар аралығында әйелдерге қатысты сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 33 мың жоба, кредиттерге кепілдік беру бойынша 23 мың жоба қолдау тапты.
Сонымен қатар, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік институты белсенді дамып келеді. Мониторинг көрсеткендей, әлеуметтік кәсіпорындардың шамамен 80%-ын әйелдер басқарады.
«Балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінде жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі қолдаудың ұлттық моделі құрылды», - деп түйіндеді сөзін Байбазаров.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -