Шартты түрде мерзімінен бұрын босату сот егер сотталған адамды түзелді деп таныған жағдайда ғана қолданылады – Конституциялық Соттың қорытынды шешімі
Конституциялық Сот азаматтың жазасы өлім жазасынан өмір бойына бас бостандығынан айыруға өзгертілген сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхат беру құқығын қарастырмайтын Қылмыстық кодекстің 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Өтініш иесіне өлім жазасы түріндегі жаза өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылған.
Конституциялық Сот қазіргі жағдайда осы санаттағы адамдарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолдануға шектеу қою мұндай жаза түрінің жоқ екендігіне байланысты деп атап өтті. Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға тыйым салынды, ал қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасында бұл туралы нормалар алынып тасталған. Яғни, мұндай сотталғандар үшін Қылмыстық кодексте бұл шектеудің сақталуы Конституцияға сәйкес келмейді.
КС сонымен бірге, соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарауы өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамды сөзсіз босатуды білдірмейтінін атап өтті. Бұл сот егер сотталған адамның түзелгенін таныған және қылмыстық жазалаудың басқа да мақсаттарына қол жеткізілген жағдайда ғана, сондай-ақ ҚК-нің 72-бабы жетінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтарында көзделген заңда тікелей белгіленген шарттардың орындалу нәтижелері ескеріле отырып қолданылады.
Осы айтылғандардың негізінде КС Қылмыстық кодекстің 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныды және Үкіметке өзінің қорытынды шешімінде баяндалған құқықтық ұстанымдарға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске енгізуді ұсынды.
Нормативтік қаулының толық мәтінімен сілтемеге өтіп танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/690691?lang=kk
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -