Шығармашылық взводтың екінші шақырылымы әскери ант берді
Астанада көктемде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық взводына шақырылған сарбаздар салтанатты түрде әскери ант берді.
Қарулы күштер тарихында бұл бөлімше алғаш рет 2023 жылы құрылған болатын. Оған белгілі бір таланты бар және мәдениет, өнер, IT-технологиялар салаларында дамып келе жатқан жастар қабылданады. Биылғы жас жауынгерлер Астана, Алматы, Ақтөбе қалалары, Батыс Қазақстан және Абай облыстарынан шақырыып отыр.
Салтанатты рәсімге Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. Шығармашылық взводтың сарбаздары бір жыл бойы тәжірибелі мамандардың басшылығымен әскери істің негіздерін игереді. Сонымен бірге Қазақстан армиясының имиджін нығайтуға үлес қосып, өз бағыттарында дамитын болады.
Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов жас жауынгерлерді айтулы оқиғамен құттықтады.
– Сіздер Қарулы күштердің қатарына кіре отырып, Қорғаныс министрілігінің имиджіне ықпал етуге арналған ерекше бөлімде мерзімді әскери қызмет өтеу құрметіне ие болдыңыздар. Сіздерде бір жыл бойы әскери-мәдени өмірге етене араласып, мерекелік іс-шараларда таланттарыңызды ұштап, тәжірибе жинау мүмкіндігі бар. Әскери саламен өмірін байланыстырғысы келетін жас жауынгерлер ары қарай келісімшарт бойынша қалуға болады. Сонымен қатар жоғары білімі жоқ жігіттер үшін әскерден кейін жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай, түсу құқығы қарастырылған, – деді Орталық бастығы.
Сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтті. Олар саптық, атыс, дене дайындықтарының, жалпы әскери жарғылардың негіздерін оқып, алғашқы практикалық атыстарды орындады.
Биыл шығармашылық взводқа көпшілікке «Шашы ұзын қыз», «Лейла» атты туындыларымен танымал «Нұрлан мен Мұрат» тобының әншісі Нұрлан Әміровтың баласы Сұлтан Бөлекбай да шақырылып отыр.
– Мерзімді қызметімді өтеу барысында өзіме ұнайтын іспен айналыса алатыныма өте қуаныштымын. Шынында да, Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өз ісінің мамандары қызмет ететін оркестр мен ансамбль бар. Мен ата-анамның үміті мен сенімін ақтауға тырысамын. Қазір мен үшін ең бастысы – өмір мектебінен өту, – деді С. Бөлекбай.
Ант беру рәсіміне арнайы келген қонақтар үшін Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі мен Орталық әскери оркестр өнер көрсетті. Сонымен қатар құрмет қарауыл ротасы сарбаздарының қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен қару-жарақпен жасалған әскери дефилесіне куә болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -