«Шығыс маманы» ипотекалық бағдарламасы бойынша алғашқы кандидаттар анықталды
Ағымдағы жылы облыста алғаш рет пилоттық режимде Шығыс Қазақстан облысының жылу энергетикасы саласының қызметкерлерін қолдауға және ынталандыруға бағытталған «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске асырылуда.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл алгоритміне сәйкес, ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы ағымдағы жылдың 15-30 сәуір аралығында «Отбасы банк» АҚ өңірлік бағдарламасы шеңберінде «Ынтымақтастық туралы келісіммен» бекітілген 34 мамандық бойынша жылумен жабдықтаушы кәсіпорындардың 50 қызметкерінен өтінімдер қабылдады.
Естеріңізге сала кетсек, бағдарламаға қатысуға өтінім беруге болатын мамандықтар «жұмыстар мен кәсіптердің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына» сәйкес, жылу энергетикасында сұранысқа ие мамандықтар осы саладағы кадр тапшылығы бойынша жүргізілген талдау қорытындылары бойынша таңдалды.
Қатысушылардан өтінімдерді объективті және жан-жақты қарау үшін арнайы Комиссия құрылды, оның құрамына облыстық мәслихаттың депутаты, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының, «Amanat» партиясының облыстық филиалының, ШҚО кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының, сондай-ақ «Отбасы Банк» АҚ облыстық филиалының өкілдері кірді.
Ағымдағы жылдың 22 мамырында комиссияның кезекті отырысында бағдарламаның барлық қатысушыларының ұсынылған құжаттары қаралды және бекітілген талаптар мен бағалау критерийлеріне сәйкес баллдарды есептеу қорытындылары шығарылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жұмыс өтіліне, бірге тұратын балалардың санына, отбасы мүшелерінде 1,2,3 топтағы мүгедектіктің болуына/болмауына және «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекке тіркелуіне байланысты бекітілген бағалау критерийлері бойынша ең жоғары балл жинаған жылу энергетикасы саласының 15 қызметкері анықталды.
Бүгінгі күні төлем қабілеттілігін растау және тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген кредиттер беру үшін «Отбасы Банк» АҚ-на жолдамалар берілетін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері жасалды.
Банкті тексеруден сәтті өткен жағдайда, қатысушы 30 күнтізбелік күн ішінде сатып алуға қолайлы баспана табуы керек.
Негізгі тізімдегі қатысушылар «Отбасы Банк» АҚ талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, банкке жолдама резервтік тізімдегі қатысушыға берілетінін атап өту қажет.
Естеріңізге сала кетсек, бағдарлама бойынша қарыздың ең жоғары мөлшері 20,0 млн.теңгені құрайды, пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна - тұрғын үй құнының 10%, пайыздық мөлшерлеме - 5%, несиелеудің ең жоғары мерзімі - 19 жылға дейін.
Айта кету керек, «Шығыс маманы» бағдарламасы ағымдағы жылы пилоттық режимде іске асырылуда, бұдан әрі бағдарламаны іске асыруды қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда бұл бағдарлама келесі жылы да іске асырылатын болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -