Төмен тиімділік және бюджет шығындары: Жоғары аудиторлық палата салықтық және кедендік әкімшілендіруге аудитін қорытындылады
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында 2023 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендіруге жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы қаралды.
Мемлекеттің шоғырландырылған бюджетіне (ШБ) түсетін салықтық түсімдердің серпіні ЖІӨ-ге шаққанда соңғы 5 жылда 2019 жылғы 17,3%-дан 2023 жылы 19,5%-ға дейінгі өсу үрдісін көрсетуде. Оның ішінде жартысынан астамы республикалық бюджетке түскен салықтық түсімдерді құрайды, олардың көлемі де соңғы 5 жылда екі есеге жуық өскен.
Алайда, 2023 жылы 1,4 трлн теңге сомаға салықтық түсімдер бойынша жоспардың орындалмағаны тіркелді. Атап айтқанда, бюджетті құрайтын 3 ірі салық бойынша болжам іске асырылмады: КТС, ІӨТ-ға ҚҚС, импортқа ҚҚС. Бұл артық болжам жасау салдарынан орын алып отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің есебіне сәйкес республикалық бюджет салықтық және кедендік әкімшілендіру есебінен 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдермен қамтамасыз етілген. Дегенмен Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша бұл көрсеткіш 709 млрд теңгеден сәл асқан, яғни 234 млрд теңгеге кем.
Мемлекеттік кірістер органдарының камералдық бақылау бұзушылықтарын жою туралы хабарламаларды уақтылы қалыптастырмау және жібермеу фактілеріне жол бергені анықталды, бұл 1,9 млрд теңге сомаға бюджет шығынына әкеп соқтырды.
240 млн теңгеден астам сомаға бюджеттен ҚҚС-ты негізсіз қайтару фактілері анықталып отыр.
Оңалту және банкроттық рәсімдерінің тиімділігі төмен және әлеуметтік талаптарды өтеуге және банкроттық пен оңалтуды басқарушылардың шығындарын өтеумен ғана шектелуде. 2023 жылы таратылған банкроттарға 3,5 трлн теңгеден астам сомаға төленбеген қарыздар есептен шығарылды, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн теңгені құрады. Үлестес тұлғаларды банкроттық басқарушылар етіп тағайындау фактілері анықталды, бұл кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, түрлі теріс пайдалануларға жағдай жасайды.
Кеден және салық органдарының бірігуіне қарамастан, кедендік әкімшілендіру шеңберінде дерекқорлардан тиісті өзара іс-қимыл және мәліметтермен алмасу жолға қойылмаған, бұл кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуде бюджет шығыны тәуекелін тудырады.
Отырыс аясында Әлихан Смайылов МКК басшылығының оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдірудің маңыздылығына, бұл тетіктің салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін олқылыққа айналмауына назарын аударды.
Ол маңызды проблемаларға бизнестің электрондық шот-фактураларын нәтижесіз бұғаттауды және кедендік әкімшілендіру кезінде тауарлардың құнын төмендету фактілерін де жатқызды, бұл «айна-қатесіз статистиканың» деректерін бұрмалап қана қоймай, бюджетке төлемдердің толық түспеуіне де әкеп соқтырады.
«Көптеген мәселе бойынша сұрақтардың көтерілгеніне бірнеше жыл болған. Сондықтан жағдайды жақсартуға жауапкершілікпен қарап, нақты шаралар қабылдау қажет. Әлеует жеткілікті. Сіздерге нақты ұсынымдар берілетін болады», – деді Әлихан Смайылов МКК басшылығына.
Өз кезегінде ведомство басшысы Жандос Дүйсембиев барлық анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Атап айтқанда, қазір «Қорғас» ХШЫО-да барлық тауар айналымын ашық етуге мүмкіндік беретін кедендік әкімшілендіру процестерін автоматтандыру жүйесі сынақтан өтуде. Сонымен қатар автоматтандыру арқылы бақылауды күшейтіп, банкроттық және оңалту туралы заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда.
Отырысқа Қаржы министрі Мәди Тәкиев және қаржы блогының басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -