Түрік нұсқаушылары қазақстандық десантшылардың дайындық деңгейін жоғары бағалады
Түркия Республикасында қазақстандық әскери қызметшілердің қатысуымен өткен «EFES-2024» көпұлтты оқу-жаттығуы аяқталды. Маневрлердің белсенді кезеңін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өзі бақылап отырды.
Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері өзге елдердің қатысушыларымен бірге тапсырылған оқу-жауынгерлік міндеттерді ойдағыдай орындап шықты. Олардың көпұлтты бөлімшелер құрамындағы машық-дағдылары мен үйлесімді қимылы Түркия Қарулы күштерінің нұсқаушылары тарапынан жоғары бағаланды.
– Жаттығу барысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы атыс қаруы мен шетелдік қару-жарақты игеріп қана қоймай, басқа елдердің әскери контингентімен өзара іс-қимыл жасап, тәжірибе алмасты. Үйлесімді жұмыс үшін, тіпті, тілдік кедергі де тосқауыл болған жоқ. Алға қойылған міндеттерді орындауға әскери қызметшілеріміздің жоғары кәсібилігі негіз болды, – деп жеткізді топ үйлестірушісі подполковник Мадияр Қанаев.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, қатысушы тараптардың әскери қызметшілері әртүрлі калибрлі атыс қаруынан практикалық атыстарды, елді мекенде ұрыс жүргізіп, шартты қарсыласты бейтараптандыру жөніндегі міндеттерді орындады. Санитарлық бөлімшелер жараланған әскери қызметшіге алғашқы медициналық көмек көрсету мен ұрыс жағдайына барынша жақындатылған эвакуациялау дағдыларын пысықтады.
Оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілерге жоғары кәсібилігін растайтын сертификаттар табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, «EFES-2024» халықаралық көпұлтты оқу-жаттығуы тәжірибе алмасу, қатысушы елдер әскери қызметшілерінің бірлескен қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ олардың кәсібилігі мен дайындық деңгейін одан әрі арттыру мақсатымен өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -