ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕГІ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов 2024 жылғы екінші жартыжылдықта Ақсукент ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан аудандық емхананың алдындағы жолдың мәселесі көтерілген еді. Бұдан бөлек, жауын-шашын кезінде бұл жерде су жиналып, жаяу жүргіншілер үшін қолайсыздық туындайтынын алға тартқан болатын. Аталған мәселені шешу үшін әкімдік пен сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Осы тапсырманың аясында Ақсукент ауылдық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Баймурза Бейсембаев, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақытқали Жанабаев және ақсукенттік белсенділердің бірлесуімен, бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жергілікті билік өкілдері мен жұртшылықтың атсалысуының арқасында су жиналатын жерлерге арнайы лотоктар орнатылды. Және жолға 90 тонна асфальт төселді.
Бұдан бөлек, тұрғындар мен оқушылардың жүріп-тұруын жайлы жағдай жасау мақсатында №93 Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мектептің маңындағы жаяу жүргіншілер жолы да жөнделді. Аяқ жолға бордюрлер орнатылып, асфальт салынды.
Осылайша, билік пен бұқараның бірлесе жүргізілген жұмыстарының барысында Ақсукент ауылдық округіндегі бірқатар мәселелер оң шешімін табуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -