Түркістанда әскер қатарына шақырылғандардың екі легін шығарып салды
Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығының амфитеатрында ҚР Қарулы күштері қатарына қырық адам және ҰҚК Шекара қызметіне отыз адамды шығарып салу рәсімі салтанатты түрде өткізілді.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев, ҰҚК Шекара қызметі департаменті бастығының лауазымын уақытша атқарушы подполковник Дулат Әлдербаев, ардагерлер, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері және әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты.
– Әр ер адам үшін армия мектебінен өту – үлкен мәртебе. Сіздер халықтың тыныштығын, бейбітшілікті сақтау және еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау үшін адал қызмет етеді деп сенеміз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жас түркістандықтарды Қарулы күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Бабай Алдабергенов құттықтады. Ардагер жастарға ақ жол, абыройлы қызмет және аман-есен оралуды тіледі.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаевтың айтуынша, бүгінгі таңда ҰҚК Шекара қызметіне 300-ден астам әскерге шақырылушы жіберілген. Сонымен қатар, бүгіннен бастап Қарулы күштер қатарына жіберу басталды.
– Бүгін 40 әскерге шақырылушы Ақтау қаласына теңіз жаяу әскерлері бригадасына қызмет етуге кетеді. Біздің 30 жігіт Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің жағалау күзеті басқармасына жіберіледі. Әскерден кейін жастар білім беру жеңілдіктерін пайдалана алады, демек жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырусыз түсе алады немесе келісімшартқа қол қойып, кәсіби әскери қызметте қала алады, – деді Ж.Күлдербаев.
Айта кетелік, 31 желтоқсанға дейін Түркістан облысынан 18–27 жас аралығындағы 2500-ден астам азаматты Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға шақыру жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -