Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекіту туралы
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы ТЖ нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу ережесін (https://zan.gov.kz/client/#!/doc/196760/kaz) әзірлеп, бекітті.
Ереже өсімдік шаруашылығы саласында да, өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін де бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен залалды өтеу тетіктерін көздейді.
Өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін шығынның өтелетін құнының мөлшерін айқындауды ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы құратын материалдық шығынды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Өсімдік шаруашылығы саласындағы залалдың мөлшерін анықтау үшін әкімдік мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бизнес пен жергілікті қоғамдастықтың өкілдерін қамтитын комиссия құрады. Залалды өтеу үшін жеке және заңды тұлғалар ТЖ жарияланған күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде жұмыс органына өтінім беруі тиіс.
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Бірдейлендіру белгілері (құлақ сырғасы, таңба, микрочип) анықталған және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында тіркелген өлген ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша өтемақы бюджет немесе бюджеттен тыс қаражат есебінен төленетінін атап өту маңызды.
Өлген жануар табылмаған, бірдейлендіру белгілері жоқ, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасында тіркелмеген жағдайларда, комиссия жануарлардың иелері туралы мәліметтерді электрондық шаруашылық бойынша есепке алу деректері бойынша тексереді, ал залалды өтеу бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіледі. Бұл туралы Ережеде толығырақ жазылған.
Өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын түрлер мен жыныстық-жас топтары бөлінісінде жануарлардың нарықтық құны туралы деректер негізінде айқындалады.
Өңірлерде өтініштерді қабылдау және өңдеу және өтемақы төлеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 7 облыста су тасқынынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларына өтемақы төлеу алгоритмі бойынша 5,4 мың бас малға 1,35 млрд теңге көлемінде төлем жасалды, яғни жалпы төлем сомасының 53% төленді.
Су тасқынынан зардап шеккен егін шаруашылықтары да шығынды өтеуге өтініш бере алады. Өтінімге жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесі және оған құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі қоса берілуі тиіс. Бұл мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс органы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінен жер учаскесі туралы мәліметтерді дербес алады. Өсімдік шаруашылығына келтірілген зиян ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің технологиялық картасы бойынша 1 гектарға жұмсалған шығындар негізінде анықталады.
Өтеу қағидалары табиғи сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне қолданылмайды. Сақтандырылған мүлiк сақтандырушының қаражаты есебiнен өтелуге тиiс.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -