Талдықорғанда улы газды анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары аяқталды
Талдықорғанда әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары толық аяқталды. Бұл жөнінде қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мәлім етті.
Жалпы облыс орталығы Талдықорған қаласында әлеуметтік әлжуаз санатындағы 1636 отбасы болса, бүгінде соның 400-не аталған құрылғылар қойылды.
Датчиктер орнату жұмыстары қала әкімдігі мен Төтенше жағдайлар басқармасының және осы іске жауапты мердігер компания өкілдері бірлесіп қолға алған.
«Мұндай датчиктерді орнату өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 2022-2023 жылғы жылыту маусымына қарағанда өткен 2023-2024 жылғы жылыту маусымында жеке сектордағы өрт оқиғасы қала бойынша айтарлықтай азайып отыр. Қазан айында басталған әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнату жұмыстарын толық аяқтадық. Тұрғын үйлерде оқыс жағдайды болдырмау үшін талдықорғандықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», - дейді Талдықорған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Жан Орысбай.
Жалпы ыстан уланудың, өрт қаупінің алдын алу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар қызметі үйлердегі датчиктерді тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Айта кетейік, ТЖБ мамандары қазан-қараша айларында қала бойынша 1240 үйге тексеріс шарасын жүргізген.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -