Таразда Шәкір Жексембаев атындағы РХБҚ батальонының әскери қызметшілеріне құрмет көрсетілді
Жуырда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальоны Батыс Қазақстан өңірінен оралды.
Үш апта бойы 50 әскери қызметші мен 17 арнайы машинадан тұратын бөлімше бұл аймақта су тасқынының салдарын жою жұмыстарына атсалысты.
Тұрақты орналасу пунктіне оралған әскери қызметшілерді «Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев қарсы алып, батальонның су тасқыны салдарын жоюды жылдамдатуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальоны Ақтөбе және Орал қалаларына, оған қоса бірнеше елді мекендерге дезинфекция жүргізді. Арнайы ерітіндімен он екі мал қорымы, төрт зират, үш мал қырылған жер және қоқыс үйінділері өңделді. Жалпы залалсыздандырылған жер көлемі 750 гектардан асады.
– Көптеген учаскелерде, соның ішінде зираттар мен мал қорымдарында қарғын судың жиналып, тұрып қалуы жұқпалы ауру тудыруы мүмкін. Біздің бөлімше өздеріне жүктелген міндеттеріне қарай осы аумақтарды дезинфекциялады, – деп түсіндірді радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау жеке батальонының командирі майор Дмитрий Ефимов. – Олар АРС-14 авто құю станцияларын қолдана отырып, арнайы жабдықпен жұмыс істеді.
Генерал-майор Қуанышбек Үштаев әскери қызметшілерге атқарылған жұмысы және қойылған міндеттерді орындауға жоғары жауапкершілікпен атсалысқандары үшін алғысын білдірді. Әр әскери қызметшіге грамота тапсырды. Ал взвод командирі аға сержант Ғалымжан Ақбөпеев лейтенант погондарын иеленді. Қысқа демалыстан кейін әскери қызметшілер күнделікті қызметке қайта кіріседі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -