«Таза Қазақстан»: 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушылары Астанада ағаш отырғызды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында тоғызқұмалақтан жарысқа қатысушылар «Тұран» даңғылындағы жаңа алаңдарға ағаш отырғызды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әр елден келген спортшылар бас қаламызды шырша, қарағай тәрізді 50 көшетпен көгалдандырды. Ауқымды экоакцияға қатысушылар арасында Қырғызстан, Венгрия, Германия, Бангладеш, Аргентина және басқа да елдерден келген құрама командалар бар.
«Экологияны, Жер-Ананы қорғау, бұл – көшпенділер ойынының символы. Сол себепті дүбірлі додаға келген делегациялар атынан тал егіп, еліміздегі осындай жақсы оқиғаға байланысты із қалдыру туралы ұсынысымызды Астана қаласы әкімдігіне айтқан болатынбыз. Аталған ұсынысымыз бірден қолдау тауып, көшеттерді отырғызатын орын да белгілі болды. Бұл үшін әкімшілікке ризашылығымызды білдіреміз. Міне, бүгін 41 елден келген делегация өкілдерінің әрқайсысы гүлзарға ағаш отырғызып жатыр», - деді ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсын.
Осылайша, «Ханшатыр» СОО маңындағы гүлзарлар абаттандырылды. Бұған дейін қала белсенділері мен аудан әкімдігі елордадағы қарбаласып жататын даңғылдардың бірінің бойындағы гүлзарларды абаттандыру жөнінде ұсыныс жасаған болатын.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елордада спорттың 21 түрі бойынша жарыстар өткізіледі. Астанада тоғызқұмалақтан жарыс 10 қыркүйекте басталды.
Қазақстан ұлттық құрамасы үш алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші болды.
Еске салайық, «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы елордада биылғы сәуір айынан бастап өткізіліп келеді. Осы бастама аясында бас қалада түрлі іс-шаралар өткізіліп, оған мыңдаған астаналық қосылды.
Тұрғындар қаланы абаттандыруға, ағаш отырғызуға, өзендерді тазартуға және рұқсат етілмеген полигондарды жоюға белсенді қатысады және әлеуметтік бастамаларды қолдайды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -