ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Мәтібұлақ ауылындағы өрт сөндіру бекетіне барды
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов Алматы облысына жұмыс сапары барысында Мәтібұлақ ауылындағы өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты.
Министр бөлімшенің жұмыс жағдайын, техникалық жабдықталуын бағалап, оның жеке құрамымен кездесті. Ол аталған бекеттің ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтіп, шалғай аудандарда өрттен қорғауды жақсарту қажеттігін айтты.
«Біздің “Ауыл құтқарушылары” атты ведомстволық бағдарламасы ауылдық жерлерде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Біз техникалық жарақтандыруды күшейтіп қана қоймай, елді мекендерді қорғауда шешуші рөл атқаратын ерікті құралымдарды қолдаймыз», — деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Министр ерікті өртке қарсы командалар жұмысының маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, Алматы облысында 895 адамды біріктіретін 81 топ жұмыс істейді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру бекетіне жаңа арнайы көлік, нысанды киім және жеке қорғаныс құралдарын тапсырды. Жақын арада бөлімше жедел ден қоюды арттыру үшін заманауи байланыс құралдарымен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, осы жазда инфрақұрылымды нығайтуға және өрт сөндіру бөлімшелері жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа нысанның құрылысы басталады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру бекеттерінің желісін кеңейтуді және көбірек елді мекендерді қамту үшін оларды қажетті жабдықтармен жарақтандыруды тапсырды.
Министрлік елдің түкпір-түкпірінде өрттен қорғауды жетілдіру үшін жергілікті билік органдарымен ынтымақтастықты жалғастырады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -