Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Әскери-теңіз кафедрасы мүмкіндіктерді кеңейтуде
ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Серік Борамбаев Ақтауда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің басшылығымен кездесу өткізді.
«Yessenov University» атқарушы вице-президенті Ермек Нұрмағанбетпен және YU академиялық жұмыс жөніндегі вице-президенті Қайырбек Мақұловпен келіссөздер барысында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты жанындағы Әскери-теңіз кафедрасын одан әрі дамыту туралы сөз болды.
– Біз өзара іс-қимыл, әскери теңізшілерді теориялық және практикалық даярлау мәселелерін талқыладық және одан әрі жұмыс істеу үшін өз бағыттарымызды да әзірледік, – деді Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы.
Осы жазда Әскери-теңіз кафедрасы оқуға 20 курсантты қабылдайды, оның ішінде 10-ы «Корабль штурманы» мамандығы бойынша және тағы 10-ы «Корабльдің дизель-электр және дизель-энергетикалық қондырғыларын пайдалану және жөндеу» мамандығы бойынша оқитын болады.
Әскери-теңіз кафедрасын дамыту шеңберінде оны Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті теңіз академиясының базасында орналастыру жоспарланып отыр. Мұнда азаматтық теңіз флотына көптен бері мамандар дайындап келеді. Бұл Әскери-теңіз күштері үшін кадрларды тиімдірек дайындауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Теңіз академиясының ауқымды оқу базасы бар, ал практикалық білім ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің әскери корабльдерінде пысықталатын болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -