«WorldSkills Astana-2024»: елордалық жастар кәсіби шеберлік бойынша сынға түсіп жатыр
Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Х WorldSkills Astana-2024 қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Салтанатты бөлімді елорданың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ашты. Ол қатысушыларды құттықтап, жеңіс тіледі.
Құттықтау сөзінен кейін еріктілер чемпионатты бастау батырмасын алып шықты. Оны басудың құрметті құқығы 2023 жылғы өңірлік чемпионаттың жеңімпаздары – елордалық қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің «аспаз ісі» бойынша ұлттық чемпионаттың жүлдегері Александра Колпаковаға және Astana Polytechnic жоғары колледжінің «желілік және жүйелік әкімшілендіру» бойынша күміс жүлдегері Данил Лапенкоға берілді.
Сондай-ақ, Астана қаласы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон құттықтау сөзінде биылғы чемпионатқа колледждердің 280 студентінен бөлек мектеп оқушылары да бақ сынайтынын, олар Jasskills қозғалысына қатысатынын атап өтті.
«Жарысты 200-ден астам сарапшы бағалайды. Сонымен қатар, WorldSkills Astana 2024 қалалық чемпионаты аясында Deafskills есту қабілеті бұзылған балалар арасында Abilympics (Абилимпикс) мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін кәсіби шеберлік конкурстары өтеді. 16-28 мамыр аралығында елордалық колледждердің 15 алаңында көшбасшылар анықталады. 29 мамырда чемпионаттың жабылуын өткіземіз, онда жеңімпаздарға жүлделер, грамоталар, дипломдар табысталады. Содан кейін күзде өтетін республикалық чемпионатқа дайындық басталады», - деді Ақмарал Хон.
VIII WorldSkills Kazakhstan 2023 республикалық чемпионатының алтын жүлдегері Александра Колпакова бұл чемпионаттың өз өміріне қаншалықты өзгеріс енгізгенін айтып берді.
«Чемпионат маған баға жетпес тәжірибе, жаңа таныстар, білім және керемет эмоциялар сыйлады. Бәсекелестерім мықты болды. Өзім үшін көптеген дәріс өткіздім, кемшіліктерім мен артықшылықтарымды түсіндім, әлсіз және күшті жақтарымды есептедім. Маған сенген және керемет нәтижеге қол жеткізуге көмектескендердің барлығына алғыс айтқым келеді», - деп бөлісті Александра Колпакова.
Ал Astana Polytechnic жоғары колледжінің үшінші курс студенті Әмірхан Жүсіпбеков «мехатроника» бойынша қатысып жатыр. Өткен жылы ол командамен бірге екінші орынға ие болған. Әмірхан биыл жеңіске жетуді жоспарлап, бағдарламашы болуды армандайды.
«Мехатроника – бұл ақылды және автоматтандырылған жүйелерді құру үшін инженерияның түрлерін біріктіретін сала. Әдетте, ол адамның көмегінсіз қозғалатын, қоршаған ортаға жауап беретін және әртүрлі тапсырмаларды орындай алатын заттарды жасау үшін қолданылады. Бұл, мысалы, өндірістегі роботтар, автомобильдердегі автоматты басқару жүйелері немесе тіпті үйдегі ақылды термостат немесе робот шаңсорғыш сияқты ақылды құрылғылар болуы мүмкін», - деді Әмірхан.
WorldSkills – қауымдастықтың құрамына кіретін әлемнің 80-нен астам елінде таралған халықаралық қозғалыс. Оның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және насихаттау.
2014 жылы Қазақстан WorldSkills қозғалысының 70-ші қатысушы елі болды. 2015 жылы жұмысшы мамандықтары бойынша бірінші қалалық чемпионатқа 5 құзырет бойынша 6 студент қатысты, Биыл 48 құзырет бойынша 292 қатысушы өтінім берді.
Өткен жылы өткізілген республикалық чемпионаттың қорытындысы бойынша астаналықтар екі алтын, төрт күміс, екі қола жеңіп алып, 18 жүлделі орынға ие болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -