«Қысқы Азия ойындарының деңгейі мүлдем басқаша»: елордалық спортшылар алған әсері туралы айтты
Харбинде өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған спортшылардың алғашқы бөлігі елге оралды. Оларды жанкүйер қауым Астана халықаралық әуежайында қарсы алды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Олардың арасында конькимен жүгіруден командалық спринт жарысынан қола жүлдегерлер Надежда Морозова мен елордалық спортшы Дарья Важенина бар.
«Әлем кубоктарына қатысып жүрмін ғой. Бірақ қысқы Азия ойындарының ауқымы, ұйымдастырылу деңгейі мүлдем басқаша екен. Қолымыздан келгенше, жүлдеге таласып бақтық. Командалық сайысқа жоспар түзіп едік. Нәтижесінде үшінші орынға тұрақтадық. Қарсыластарымыз да осал емес. Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин-сун мен Қытай спортшысы Хан Мей өткен жылы ғана әлем чемпионатында күміс медаль олжалаған еді», - деді Дарья Важенина.
Конькимен жүгіруден Харбин төрінде 14 жүлде сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қоланы иеленді. Қос жүлденің де ерекше маңызы бар. Себебі, Евгений Кошкин күміс жүлде алған 100 метр қашықтық пен әйелдердің командалық жарысында бұған дейін мүлдем жүлде бұйырмаған еді.
«Азия ойындарына тыңғылықты дайындалдық. Қарсыластарымыз да таныс. Жеке жоспарымда 1 алтын және 1 күміс медаль алу болып еді. Алайда 3 000 метр қашықтықта 4-орын алып қалдым. 1 500 метр қашықтықта қобалжып, өзімді толық деңгейде көрсете алмадым. Салдарынан 7-орынға тұрақтадым. Қола жүлдені қанағат етуге тура келеді. Бұнымен жарыс тоқтап қалмайды. Қателіктерімді сараптап, алға қадам жасайтын боламын», - деп Надежда Морозова сөзін түйіндеді.
Айта кетейік, қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан күндері өтеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -