Болашақ үшін маңызды шешімдер: Абай облысы қалай цифрлық көшбасшыға айналады?
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялардың көмегімен еліміз азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және барлық адамдар үшін мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге ұмтылатындығын атап өтті. Осы мақсатқа жету үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың түбегейлі жаңа деңгейіне көшу қажет.
«Бұл тәсілдің мән-маңызы мемлекеттік саясаттың басты бағыты адамға, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталғандығында», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Абай облысының цифрлық трансформациясы «ақылды» қалалар үшін инфрақұрылым құруда және өңірдің IT-секторын дамытуда елеулі жетістіктерді көрсетеді. Семейде 27 жобаны (17 базалық және 10 қосымша) қамтитын «ақылды» қалаларды құру жөніндегі Жол картасын бекітумен өңір қалалық ресурстарды басқаруда жоғары технологиялық шешімдерді біріктіруге сенімді түрде бет бұруда. Өңірдегі цифрлық жаңашылдықтар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жан-жақты айтып берді.
Жол картасының негізгі мақсаты – технологияларды тиімді пайдалану арқылы азаматтардың өмір сүруі үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасау. Қала тұрғындары мен қонақтарының өмір сүру сапасын жақсартып, қаланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қалалық ресурстарды басқаруды оңтайландыру, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын арттыру көзделіп отыр.
Мәселен, 2023-2024 жылдары бірқатар маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылды. Олардың қатарында қоғамдық көлікті диспетчерлендіру, жол ақысына электрондық төлеу жүйелерін енгізу, жолдарда бейнемониторинг пен бейнеаналитиканың бірыңғай жүйесін құрудан бөлек цифрлық мұражайлар мен кітапханаларды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді автоматтандыру, жасыл желектерді цифрлық есепке алу, оқу орындарында IT-алаңдарды ашу және «109» бірыңғай байланыс орталығын іске қосу бар.
«Менің тапсырмам бойынша «My Semey» супер қосымшасы әзірленуде. Қосымша көптеген қалалық қызметтерді біріктіріп, тұрғындар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы тікелей көпір болмақ. Қосымша арқылы тұрғындар таксиге тапсырыс беру, қоғамдық көлік мониторингі, емханаларға жазылу, «109» қызметімен интеграция және мәдени нысандар бойынша зияткерлік гид көмегін ала алады. Туристер демалыс үйлерін брондау үшін ALAKOL.KZ букинг-сервисін іске қосу жоспарлануда. Бұл демалушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, туристік бизнесті дамытуға және салық түсімдерін ұлғайтуға ынталандырады», - деді облыс әкімі.
Аймақтың IT-секторын дамытудағы маңызды қадам ретінде 2022 жылы Abai ІТ-Valley технологиялық кластерінің құрылғанын атап өтуге болады. Alikhan Bokeikhan University базасында заманауи коворкингтер ашылды. Жаңа техника сатып алынып, білім беру бағдарламалары іске қосылды.
«Кластер халықаралық тәжірибесі бар мамандардың қатысуымен курстар өткізеді. Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының робототехника және өкілдік орталығын ашты. Astana Hub есебінен тегін оқытуды ұсынатын Tech Orda бағдарламасына қатысады. Google Developer Groups, Solar Asia, Kolesa Group және Huawei Technologies сияқты әлемдік технологиялық көшбасшылармен жұмыс істейді. 2025 жылға білім беру бағдарламаларын кеңейту, Tech Orda бағдарламасы бойынша ваучерлер санын 150-ге дейін ұлғайту және коммерцияландыруға дайын стартаптарды дамыту жоспарлануда. Онлайн курстарды енгізу ауқымды аудитория үшін білім беру бағдарламаларының қолжетімділігін арттырады», - деп толықтырды аймақ басшысы.
Абай облысында цифрландыру қарқынды дамып келеді. Балалардың қауіпсіздігі және өңірдің білім беру саласындағы мамандықтар үшін жасанды интеллект енгізілуде. Бұл экономиканың, туризмнің және білімнің дамуына ықпал етіп қана қоймай, болашақ үшін, инновация үшін берік негіз болмақ.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -