Қызылорда облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 1200-ден астам объект бейімделген
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысында 1 248 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бастамашылық жасалған «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасына сәйкес интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарлануда. Жыл сайын нысандардың 20% бейімделеді:
2023 жылы – 20%;
2024 жылы – 40%;
2025 жылы – 60%;
2026 жылы – 80%;
2027 жылы – 100%.
Қазіргі уақытта ел бойынша 20 849 объект толығымен бейімделген. Қызылорда облысында 2024 жылы 948 нысанды бейімдеу жоспарланған болатын, алайда өңір жоспарды асыра орындады: 1248 нысанға қолжетімділік қамтамасыз етілді. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:
- денсаулық сақтау объектілері – 128;
- білім беру объектілері – 586;
- мәдениет нысандары – 117;
- сауда және қызмет көрсету объектілері – 31;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 250;
- спорт нысандары – 19;
- көлік инфрақұрылымы объектілері – 11;
- қоғамдық тамақтандыру, сауда, қызмет көрсетуді ұйымдастыру – 92;
- әлеуметтік қорғау объектілері – 8;
- басқалары – 6.
«Мен күн сайын Қызылордадағы дүкен, дәріхана, аурухана сияқты өзге де түрлі әлеуметтік маңызы бар мекемелерге барамын. Мен үшін олардың қол жетімді болуы маңызды. Қазір көптеген нысандар кресло-арбалардағы адамдарға арналған көтергіштермен, арнайы қызмет көрсету аймақтарымен жабдықталған. Жаңа ғимараттар халықтың аз қозғалатын топтарының қажеттіліктерін ескере отырып салынуда, пандустармен, тұтқалармен, лифттермен және тактильді белгілермен жабдықталып жатыр. Жұмыс істеп тұрған нысандардың иелері оларды қол жетімді ету үшін өзгерістер енгізетінін бөлек атап өтемін. Біз сондай-ақ кәсіпкерлерге өз ұсыныстарымызды да жеткіземіз. Мысалы, «Отбасы банк» АҚ филиалында көтергіш құрылғы орнатылған, ол маған бөгде адамның көмегінсіз жүруге мүмкіндік береді. Мен жиі баратын Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бағыттаушы жолақтар, белгілер және көмек көрсететін қызметкерлер де қарастырылған. Бұл өте ыңғайлы», – деп бөлісті бірінші топтағы мүгедектігі бар Сағатбек Сиюов.
Бұдан басқа, биыл мемлекеттік бақылау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 104 тексеру жүргізді. Оның ішінде: профилактикалық бақылау шеңберінде 39 тексеру, жоспардан тыс 6 тексеру, прокуратураның талабы бойынша 59 тексеру болды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 31 ұйғарым беріліп, 6,4 млн теңгеден астам сомаға 53 әкімшілік айыппұл салынды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпастан жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -