«Қызым, саған айтам…»: Астанада ұлттық зияткерлік курс өтіп жатыр
Елордада «Қызым, саған айтам…» атты ұлттық зияткерлік курсы басталды. Астаналық Дін істері жөніндегі басқармасы мен Діндерді зерттеу орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға 40 қыз бала қатысып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Зияткерлік курсы 12 мен 20 жас аралығындағы қыздар арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, қазақы болмыс пен салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталады. Екі күнге жалғасатын курста «Қыз-келіншектердің ұлттық киімдері», «Қазақтың асыл аналары», «Мақал – сөздің мәйегі» атты теориялық дәрістер өткізіледі. Сонымен қатар қатысушылар «Сырғалым» және «Шашбаулым» топтарына бөлініп, ашытқы дайындау, бауырсақ пен шелпек пісіру, қамыр илеу, табақ тарту сынды елімізге танымал дизайнерлердің қолөнер шеберлік сағаттарына қатысты.
Балаларының өнерін тамашалауға келген аналары «Ақ жаулық» тобына бөлініп, оларға ұлттық құндылықтарға негізделген танымдық дәрістер мен «Алғашқы медициналық көмек», «Жасөспірім балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы» тақырыптарында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.
«Бүгінгі қыз бала – ертеңгі келін, болашақ ана. Сондықтан, қызды тәрбиелеу – тұтас ұлтты тәрбиелеу. Ұрпақ жалғастыратын қыздардың бойына әдептілік пен ибалылық қасиеттерін сіңіруде отбасының рөлі орасан. Зияткерлік курсына қыздарын қатыстырып отырған ата-аналарға алғыс айтып, ризашылық білдіремін. Жобаға қызығушылар саны көп, сол себепті алдағы уақытта курсты дәстүрлі негізде жыл сайын өткізу жоспарда бар» деді іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген қалалық Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Қайролла Көшқалиев.
Алғашқы күні қолөнерден әртүрлі шеберлік сабақтары, ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі, яғни дефиле, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар қатысушыларға таныстырылды. Әр қыз балаға естелік ретінде тақия мен ұлттық оюмен өрнектелген шопперлер сыйға тартылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -