Жүздеген бос жұмыс орны: елордада кезекті жәрмеңке өтті
Астанада жұмыссыздықты жою, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Осыған орай елордалық жастар үшін «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесінде кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қала әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» және Сарыарқа ауданының әкімдігі бірлесіп өткізді.
Мұндағы мақсат – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
Ұйымдастырушылардың айтуыншк, жыл басынан бері Астанада мұндай жәрмеңке үш рет өткізілген.
«Жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Оған елорданың 300-ден астам ұйымы қатысып, жас мамандарға 1000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, 300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Ал кезекті өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесінде 40 мекеме жас мамандарға 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынады. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алады», – дейді Neet жастармен жұмыс жасау бөлімінін басшысы Әлфараби Аймақ.
Айта кету керек, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма «Астана жастарымен» бірлесіп, тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді. Жалпы 1 тамыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 393,4 мың астаналық қатысып, 293,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 143,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -