Жандос Шаймарданов: Қаржы секторының экономиканы әртараптандырудағы стратегиялық маңызы зор
Ұлттық валюта күні қарсаңында бұл мәселе Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшысы Жандос Шаймардановпен талқыланды.
Биылғы жылы ел басшылығы экономикалық белсенділікті қолдауға және финтех саласын одан әрі қарқынды дамытуға арналған Банктер туралы жаңа заң әзірлеу қажеттілігі жөнінде айтты. Сонымен қатар, цифрлық активтердің айналымын және банк саласында инновацияларды қауіпсіздік талаптарына сай енгізу үшін оны реттейтін тұрақты ортаны құрудың маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстанның қаржы секторының орта мерзімді кезеңге арналған сын-қатерлері мен басымдықтары туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов сұхбат берді.
- Жандос Нұрланұлы, ұлттық валюта күніне орай біз қаржы секторын стратегиялық даму тұрғысынан талқылағымыз келіп тұр. Қаржы нарығының қазіргі даму динамикасы қаңдай және құрылымдық, әрі институционалдық өзгерістер жағдайында оның ел экономикасына әсері туралы не айта аласыз?
- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаржы секторының барлық өкілдерін ұлттық валюта - теңгенің енгізілуінің 31 жылдығымен атап өтілетін Қазақстандағы қаржыгерлер күнімен құттықтағым келеді.
Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, Қазақстанның қаржы секторы, кез келген басқа елдегідей, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде және орнықты өсуді ынталандыруда стратегиялық рөл атқарады. Атап айтқанда, оның жұмысы экономикалық белсенділіктің динамикасына тікелей әсер ететін қаржы ресурстарын тиімді қайта бөлуге бағытталған. Жалпы, сараптамалық бағалауларға сәйкес, қаржы секторының орта есеппен 1% - ға өсуі ЖІӨ динамикасына 0,5 т. дейін қосуы мүмкін.
Егер Қазақстан туралы айтатын болсақ, соңғы жылдары қаржы секторының экономикаға қосқан үлесі 2019 жылғы 2,2 трлн теңгеден 2023 жылғы 3,9 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсті. Бұл саланың экономикадағы маңыздылығын көрсетеді. Сонымен бірге, Қазақстанның қаржы саласы банк секторының айналасында шоғырланған күйінде қалып отыр.
Бұл ретте, Қазақстанның банк секторының өзі елеулі құрылымдық өзгерістерге ұшырауда: 10 жыл ішінде банктер саны 38-ден 21-ге дейін қысқарды. Банк қызметтері нарығындағы бұл процесс шектеулі банктер нарықтың едәуір бөлігін бақылайтын кезде бәсекелестік деңгейінің төмендеуімен бірге жүреді. Бүгінгі таңда бес ірі банктің үлесі екінші деңгейлі банктердің (бұдан әрі-ЕДБ) жиынтық активтерінің 67%-ын құрайды.
Әділдік үшін саладағы оң үрдістерді де атап өту керек. Осылайша, банк секторын тұрақты бағалау нәтижелері (AQR – Asset Quality Review) елдің жетекші 11 банкі бойынша капиталдың жеткіліктілік деңгейі нормативтік белгіленген ең төменгі деңгейден едәуір асып түсетінін көрсетеді. Бұл бағалау Қазақстанның банк нарығының тұрақтылығының жоғары дәрежесін көрсетеді.
Сонымен қатар, ЕДБ секторы соңғы жылдары макроэкономикалық тәуекелдерге жоғары тұрақтылықты көрсетті, оған қоса активтер сапасының көрсеткіштері мен банк секторының қаржылық нәтижелері болжамды деңгейден едәуір жоғары болды. Бұл халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауымен расталады.
- Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта банк секторының алдында қандай сын-қатерлер тұр?
- Нақты секторды және ШОБ-ты несиелеудегі шектеулер қаржы нарығын дамытудағы басты сын-тегеуріндер болып табылады. Осы салаларда қаржыландырудың жеткіліксіз көлемі іскерлік белсенділіктің әлеуетін тежейді. Сонымен қатар, активтердің сапасын жақсарту, тәуекелдерге төзімділікті арттыру және бәсекелестікті ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Қаржы секторының аталған барлық сын – қатерлері мен тәуекелдері егжей-тегжейлі талданып, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында (бұдан әрі-ҰДЖ) ұсынылды, оны Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың шілдесінде бекітті. Бұл құжатты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен, оның ішінде қаржылық реттеушілермен бірлесіп әзірледі.
Осыған сүйене отырып, құжатта қаржы секторының дамуына ықпал ететін шаралардың басымдықтары мен сипаттамасы берілген.
Атап айтқанда, ҰДЖ-ның ұлттық индикаторларының картасында бизнеске кредиттердің 2029 жылға қарай 185%-ға (2022 жылғы деңгейден) өсуі сияқты көрсеткіш енгізілді. Сонымен қатар, фокус несиелеу көлеміне ғана емес, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін бизнестің қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Маңызды қадам ретінде мемлекеттік даму институттарын тікелей қаржыландырудан банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар сияқты жеке қаржы мекемелері арқылы қаржыландыруға басымдық беру болмақ. Мұндай шара нарықтағы бұрмалаушылықтарды жойып, бәсекеге қабілетті жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, мемлекеттік даму институттары бизнесті қаржылай емес қолдауға шоғырланатын болады. Бұл олардың іскерлік ортаны жақсартуға және екінші деңгейлі банктермен тікелей бәсекелеспей-ақ кәсіпорындардың өсуі үшін қажетті жағдайларды жасауға ықпалын арттырады.
Сондай-ақ орта мерзімді перспективада бизнесті кредиттеу үшін неғұрлым тиімді фискалдық реттеуді енгізу жоспарланып отыр, бұл оны басқа банк қызметтерімен салыстырғанда банктер үшін неғұрлым қолайлы бағытқа айналдырады.
- 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында қаржы секторы алдында тағы қандай басымдықтар көзделген?
- Қаржы секторын дамыту саласындағы Ұлттық жоспардың басым бағыттарының бірі – тұтынушылық несиелендіру тәуекелдері мен халықтың қарыз жүктемесінің өсуіне байланысты мәселелерді шешу болып табылады.
Халықтың берешегінің жоғары деңгейі қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіретіні және экономиканың басқа секторлары үшін қарыз қаражатының қолжетімділігін төмендететіні анық. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қатерлерді дәлірек бағалап, оларды төмендету шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін тәуекелге бағытталған қадағалау жүйесін дамыту жалғасуда. Сонымен қатар, шоғырландырылған қадағалаудың халықаралық стандарттарын енгізу - реттеу жүйесін нығайтып, қаржы секторының ішкі және сыртқы күйзелістерге төзімділігін арттырады.
Сонымен бірге, қаржы нарығын одан әрі дамыту үшін түрлі цифрлық платформалар құру жоспарлануда. Бұл жерде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюродағы әріптестеріміздің жақында стрестік активтерді сату платформасын іске қосқанын атап өткім келеді. Бұл – өте оң жаңалық, өйткені жұмыс істемейтін активтерді экономикаға тарту тетіктері Қазақстанның қаржы нарығына деген инвесторлардың сенімін арттыруға ықпал етеді.Сондай-ақ, ҰДЖ-да жасыл және исламдық қаржыландыру, микрокредиттер және лизинг сияқты баламалы қаржыландыру көздерін дамытуға ерекше назар аударылады.
- Қорытындылай келе, сізбен банк саласындағы қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің бірін талқылағым келіп тұр. Осылайша, Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында «Банктер және банк қызметі туралы» Заңды жаңарту қажеттілігін атап өткен болатын. Осы мәселеге қатысты Сіздің агенттігіңіздің концептуалды пікірі бар ма?
- Агенттік, халықаралық тәжірибе мен қаржы секторын реттеу және дамыту саласындағы ағымдағы тенденцияларды ескере отырып, ЕДБ туралы заңды жаңартуға қатысты бірқатар маңызды бағыттарды қарастыруда.
Бұл бағыттар қаржылық технологиялардың өсуімен, климаттық және ESG күн тәртібімен, крипто-активтер саудасының дамуымен және басқа да сандық активтермен байланысты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдер банк заңнамасын осындай өзгерістерге белсенді түрде бейімдеуде.
Біздің пікірімізше, заңды жаңарту жолдары келесі үш бағыт бойынша жүргізілуі қажет.
Біріншіден, жаңа технологиялар мен инновациялық өнімдерді қамту үшін банктік қызметтердің анықтамасын қайта қарау қажет. Мысалы, Жапонияда банк қызметі туралы заңға банктік қызмет ұғымын кеңейтетін түзетулер енгізілді. Бұл алдыңғы қатарлы финтех шешімдерін енгізетін компанияларды қолдауға мүмкіндік берді. Бағыттардың арасында ерекше көңіл банктік ІТ-жүйелерді жобалауға және енгізуге, сондай-ақ деректерді талдау мен цифрлық маркетингке бөлінген. Өз кезегінде, бұл банктік салада инновациялар үшін кең мүмкіндіктер тудырады.
Екіншіден, климаттық тәуекелдерге және төмен көміртекті экономикаға көшуге баса назар аудара отырып, банк секторының тұрақты дамуын қолдау үшін реттеуші тетіктерді күшейту қажет. Мысалы, Австралия банк секторының қадағалау органдарының өкілеттіктерін күшейтіп, дағдарыс жағдайларына, соның ішінде климат өзгеруі салдарынан туындайтын жағдайларға жедел әрекет ету үшін икемді құралдарды қарастырды.
Үшіншіден, цифрлық активтерді реттеу үшін олардың заңдылығын қамтамасыз ететін және тұтынушыларды қорғайтын бірыңғай ережелерді енгізу маңызды. Мысалы, Еуропалық Одақ MiCA (Markets in Crypto-Assets Regulation) қабылдау арқылы криптоактивтерге арналған бірыңғай ережелерді енгізген алғашқы аймақтардың бірі болды. MiCA цифрлық активтер шығарушылар мен олармен сауда жасайтындарға нақты талаптар қояды. Бұл тәжірибені Қазақстанның цифрлық активтер мен криптобиржаларды дамыту бағытындағы жылдам прогресті ескере отырып, өзіміздің жағдайымызда да қолдануға болады.
Осылайша, заңды жаңарту қаржы секторының тұрақтылығын нығайту және уақыт талабына сай инновацияларды дамыту үшін маңызды қадам болады.
- Сұхбат үшін рақмет!
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -